Қарағанды облысында патрульдік полиция қызметкерлері Қазақстанның мемлекеттік нөмірі үстіне Грузияның нөмірлік белгісін орнатқан жүк көлігін анықтады. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.
Сот 35 жастағы жүргізушіні бір жылға көлік айдау құқығынан айырды. Ол әкімшілік қамауға алынды. Оқиға 7 қазанда Астана – Қарағанды автожолында тіркелді.
Жүк көлігі арнайы тұраққа қойылып, 35 жастағы жүргізушіге ӘҚБтК-нің 590-бабының 3 және 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс Осакаров ауданының сотында қаралды. Сот шешімімен жүргізуші бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, әкімшілік қамауға алынды, — делінген полиция хабарламасында.
Қарағанды облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұхановтың айтуынша, жалған нөмір пайдалану — жай ғана жол ережесін бұзу емес, көлік құралы туралы нақты мәліметтерді жасыруға бағытталған әрекет.
Жыл басынан бері облыста патрульдік полиция батальоны қызметкерлері жалған нөмір пайдаланған 87 жүргізушіні анықтады. Әрбір дерек бойынша заңда көзделген шаралар қабылданады, — деді Медет Нұрмұханов.