Шымкентте су құбырын ауыстырмақ болған 20 және 22 жастағы екі жігіт қаза болды. Алдын ала мәлімет бойынша, олар газға уланып қалған. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.
«Информбюро 31» арнасының хабарлауынша, қайғылы жағдай қаланың орталығында күндіз болған.
Куәгерлердің айтуынша, жекеменшік компанияда жұмыс істеген үш жігіт терең шұңқырға түсіп, көп уақыт шықпаған. Өзге жұмысшылар бір жағдай болғанын сезіп, артынан құдыққа түскен. Олар үш жұмысшыны алып шыққан. Өкінішке қарай, жұмысшылардың екеуі қаза болған. Аман қалған азаматқа медицина көмегі беріліп, үйіне жіберілген, — деді арна жүргізушісі.
Полиция қылмыстық іс қозғады.
Құбыр төсеп жатқанда жұмысшылар қаза болғандықтан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшылар қалдық газдан уланған. Оқиғаның мән-жайы мен қауіпсіздік талабы сақталуына жауапты тұлғалар анықталып жатыр, — делінген полиция хабарламасында.
Естеріңізге салайық, Астанада құрылыс краны құлап, жұмысшы қаза болған еді.