Басты бет / Жаңалықтар /
Ан-26 ұшағы
Фото: Polisia.kz

Ұландықтар Қазақстандағы соңғы Ан-26 ұшағын «зейнетке» шығарып салды

ІІМ Ұлттық ұланы авиациясында қызмет атқарған Ан-26 әскери-тасымал ұшағы әскер сапындағы қызметін аяқтады. Қазақстандағы осы типтегі соңғы әскери ұшақ болған Ан-26 соңғы рет ұшып келді. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.

Әуе кемесінің тарихы 1981 жылдан басталады. Бұл ұшақ Киев авиациялық зауытында шығарылған. Алғашқы 10 жылда КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Шекара әскерлері авиациясының құрамында ұшқан. Оның негізгі базасы Қазақ КСР аумағында орналасып, ұшақ оңтүстік шекараларды күзетуге арналған тапсырма орындауға, әскери қызметшілер мен жүк тасымалдауға пайдаланылған.

1992 жылдан бастап Ан-26 Ұлттық ұланының авиациясы құрамында қызметін жалғастырды. Осы уақыт ішінде ұшақ әскери қызметшілер мен жүк тасымалдауға және басқа да қызметтік міндеттерді орындауға тартылды.

Ан-26 заманауи талаптарға сай жаңғыртылып, ИКАО стандарттарына сәйкестендірілді. Бұл оның Қазақстан аумағында ғана емес, жақын шетел мемлекеттеріне де ұшуына мүмкіндік берді. Ұлттық ұлан авиациясындағы қызметі барысында Ан-26 ұшағы 8400 сағат ұшты. Ал жалпы алғанда, әуе кемесінің қызмет жолы 44 жылға созылды, — делінген хабарламада.

3656 әскери бөлімінің ұшқышы, подполковник Медет Сейітов Ан-26 ұшағын 15 жылдан бері тізгіндеп келеді. Ол – экипаж құрамындағы осы типтегі әуе кемесінің соңғы ұшқыш-нұсқаушысы.

Ан-26-ның пайдаланудан шығарылғандықтан, Қазақстан әскери авиациясындағы осы типтегі ұшақтардың қызмет тарихы да аяқталды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?