Алматыда 9 қазаннан бастап балабақша, мектеп және медицина ұйымдары сияқты әлеуметтік нысандар жылу жүйесіне қосылады. Ал 10 қазаннан бастап көпқабатты тұрғын үйлер жылу жүйесіне қосылады. Әкімдік жылу қосылмаса, қайда хабарласу керек екенін жазып отыр. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.
Жылу жүйесіне қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүреді. Алдымен жылу мектептерге, ауруханаларға және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарға, кейін тұрғын үйлерге беріледі.
Жылыту жүйесіне өз бетінше араласуға болмайды. Атап айтқанда, радиаторларды алып тастау, жүйедегі суды ағызу және осыған ұқсас әрекет апатқа, жүйе жұмысының бұзылуына және жылу берудің тоқтауына себеп болуы мүмкін. Радиаторларды қалың перделермен жауып қоюға болмайды. Бұл жылудың тарауын төмендетеді, — делінген әкімдік хабарламасында.
Құбырдан су ақса, жүйеде ақау болса немесе жылу берілмесе, тәулік бойы жұмыс істейтін «Жедел әрекет ету штабына» 109, +7 747 132 23 52, +7 707 018 08 46 нөмірлеріне немесе Бірыңғай диспетчерлік орталықтың 225-14-31 нөміріне хабарласуға болады. Үйді басқару органына, Open Almaty және e-Otinish сервистеріне, Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен Тұрғын үй инспекциясының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына жазуға болады.