Басты бет / Жаңалықтар /
Аурухана. науқас
Фото: Ufavesti.ru

Ақтауда кепкен балықтан уланып, реанимацияға түскен 9 жасар бала қайтыс болды

Ақтауда кепкен балықтан уланып, реанимацияға түскен 9 жасар бала қайтыс болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Туыстарының айтуынша, бала 6 қазанда реанимацияда көз жұмған.

Lada.kz басылымының жазуынша, жақындары бүлдіршіннің қазасына кепкен балықты тұтынуы себеп болды дейді. Баланың әкесі де ауруханаға түскен. Қазір оның жағдайы тұрақталды. Отбасының тағы екі ересек мүшесі Маңғыстау облысының көпбейінді ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Медицина мекемесі жағдайға қатысты әзірге түсініктеме бермеді.

Айта кетейік, оқиға Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында болған. 17 қыркүйекте отбасы мүшелері үй жағдайында ысталған балықты жеген. Эпидемиологтың мәліметінше, балық ұзақ уақыт тоңазытқышта сақталған.

Балықты отбасылық жиын кезінде шамамен сағат 20:00-21:00 аралығында тұтынған. Келер күні 18 қыркүйекте, отбасы мүшелерінде алғашқы симптомдар белгілі болған. Олар медицина көмегіне 19 қыркүйекте жүгінген.

Кейін үш ересек адам және 9 жасар бала ауруханаға жеткізілген. Мамандар олардың жағдайын ауыр деп бағалады. Науқастардан ботулизмге тән белгілер байқалған: әлсіздік, бас айналу, жұтынудың қиындауы, көру қабілетінің бұзылуы, тамақтың құрғауы мен жыбырлауы, көздің бұлдырауы және қосарланып көруі, сонымен қатар ойдың шашыраңқы болуы.

Барлық науқасқа көмек көрсетіліп, олар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Сонымен қатар оларға арнайы ботулизмге қарсы сарысу салынды.

Кейін баланың отбасы Астанадан мамандарды шақыруға көмек сұраған.

Қазір баланың нақты өлім себебі бойынша ресми қорытынды әзірге жарияланған жоқ. Күдік үй жағдайында ысталған балыққа түскен.

Мамандар тұрғындарға үй жағдайында тез бұзылатын өнімдерді дайындау мен сақтау талаптарын қатаң сақтауды, сапасы күмәнді тағамдарды тұтынбауды және өнімдерді рұқсат етілмеген жерлерден сатып алмауды ескертеді. Улану белгілері байқалса, өздігінен емделмей, дереу медицина мамандарына жүгіну қажет.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?