Қазақстанда жаңа медаль мен құрметті атақ енгізу ұсынылды. Тиіс түзетулер «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға енеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мұны Құрылтай отырысында депутат Ләззат Жылқыбаева ұсынды. Заң жобасы мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде әзірленген. Оның мақсаты – отандық мәдениет пен өнердің дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегін мемлекет деңгейінде атап өту.
Ұсыныс бойынша, «Шәмші Қалдаяқов» медалі отандық музыка өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі.
Сонымен қатар «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атты құрметті атағын енгізу жоспарланып отыр. Оны бейнелеу өнері саласындағы жоғары кәсіби шеберлігі және отандық көркем мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін беру ұсынылған.
Депутат Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, ұлттық мәдениет пен өнерге қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындау олардың шығармашылығына құрмет көрсетіп қана қоймай, қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық құндылығын нығайтуға ықпал етеді.
Депутаттар ұсынылған заң жобасын қолдады.