Басты бет / Жаңалықтар /
сарбаз, әскер, әскери қызметкер
Фото: istockphoto.com

Ресей әскерінен қашып, Қазақстанға заңсыз кірген ер адам Оралда ұсталды

Ресей әскерінен қашып, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен ер адам Оралда ұсталды. Ол ел аумағына ресми өткізу бекетін айналып өтіп кірген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«Мой город» басылымының хабарлауынша, оқиға 2025 жылдың шілдесінде басталған. Сол кезде Ресей әскерінде қызмет еткен ер адам әскери бөлімнен өз бетінше кетіп, Ресейдің құқық қорғау органдарынан жасырынған.

2026 жылдың мамырында ол Қазақстанға өту туралы шешім қабылдаған. Ер адам смартфонындағы электронды карталарды пайдаланып, жүріп өтетін жолын жоспарлаған. Ол ескерту белгісі мен шекара қоршауын елемей, ресми өткізу бекеттерін айналып өтіп, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен.

Оның жоспары бойынша алдымен жақын маңдағы тасжолға жетіп, кейін Оралға баруы керек болған. Ары қарай Таразға жетіп, басқа мемлекетте жасырынуды көздеген. Алайда дезертир жоспарын жүзеге асыра алмаған. Ер адамды ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстаған.

Іс Бөкейорда ауданының сотында қаралды. Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындаған. Ол әскерден қашуы амалсыздан болғанын айтып, бас бостандығынан айырмауды, Қазақстаннан шығармауды және рақымшылық етуді сұраған.

Сот ер адамды мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін 865 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге және Қазақстаннан шығаруға үкім шығарған. Сонымен қатар оған бес жыл бойы Қазақстанға кіруге тыйым салынған.

Алайда сот 2026 жылғы 1 шілдеде жаңа Конституцияға байланысты қабылданған рақымшылық туралы заңды да қолданған. Нәтижесінде шетел азаматы айыппұл төлеуден толық босатылды.

Соған қарамастан оны Қазақстаннан шығару және елге бес жылға кіруге тыйым салу туралы шешім өзгеріссіз қалды.

***

Тағы оқыңыз:

Әскердегі қылмыс көрсеткіші бір жылда 1,5 есе өскен

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?