Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 261 әскери заңсыздық тіркелді. Осы кезеңде әскери қылмыстан 363 адам зардап шеккен. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Finprom мәліметінше, биыл қаңтар-тамыз аралығында тіркелген әскери қылмыс саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп.
2023 жылдан бері бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келеді. Зерттеу авторларының есебінше, биыл алғашқы сегіз айда тіркелген 261 қылмыс саны 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жеткен.
Ал қаралып жатқан әскери қылмыс істерінің саны 309-ға жеткен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 48,6% көп.
Қаңтар-тамыз айындағы қылмыстардың толық бап бөлінісі әзірге жарияланбаған. Сондықтан жекелеген запғңсыздықтарды талдау кезінде зерттеу авторлары қаңтар-шілде айындағы статистиканы қолданған.
Ал билікті немесе қызметін асыра пайдалану фактісі 79,6% көбейген. Былтырғы жылдың алғашқы жеті айындағы 49 жағдайдың орнына биыл 88 жағдай тіркелген.
Сонымен қатар әскери қызметке салғырт қараудың 16 фактісі анықталған. Бұл былтырмен салыстырғанда шамамен үштен бірге көп.
Бұдан бөлек, әскери бөлімдегі ішкі қызмет немесе гарнизондағы патрульдеу тәртібін бұзудың 8 жағдайы, билікті теріс қолданудың 5 фактісі және биліктің әрекетсіздігіне қатысты 2 қылмыс тіркелген.
Әскери қылмыстан зардап шеккендер саны да артқан. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айында 363 адам жәбірленуші ретінде тіркелді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп және 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Зерттеу мәліметінше, зардап шеккендердің басым бөлігі 20 жасқа толмаған жастар. Биыл олардың саны 256 адамға жетіп, барлық жәбірленушінің 70,5%-ы болды. 2020 жылы бұл көрсеткіш 42 адам немесе 57,5% болған.
Зерттеу авторлары өлімге әкелген әскери қылмыстар бойынша статистика қаза тапқан адамдардың нақты санын емес, осындай жағдайға себеп болған қылмыс істерінің санын көрсететінін атап өткен.
2026 жылдың алғашқы сегіз айында өлімге әкелген 8 әскери қылмыс тіркелген. Каспийдегі әскери қызметшілер қаза болған қайғылы оқиғаны қоса есептегенде, бұл көрсеткіш 9 жағдайға жеткен.
Зерттеуде әскери қызметшілер арасындағы суицид мәселесіне де назар аударылған. Авторлардың мәліметінше, бұған дейінгі жылдардағы статистика Қазақстан армиясында жыл сайын 10-20 әскери қызметшінің суицидтен көз жұмғанын, ал суицид жасауға әрекеттенгендер саны 5-12 адам аралығында болғанын көрсетеді.