Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы тек цифрлық технологияларға ғана емес, су ресурстарына да әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы болжамы
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 2026 жылғы «Bridging the Gaps for Sustainable Development» есебінде ЖИ инфрақұрылымының кеңеюі суға қосымша қысым түсіретін факторлардың бірі ретінде көрсетілген.
Есепке сәйкес, 2027 жылға қарай ЖИ жүйелерінің су тұтыну көрсеткіші 4,4–6,6 миллиард текше метрге дейін жетуі мүмкін. ЭЫДҰ бұл көрсеткішті су, энергетика, өнеркәсіп және цифрлық инфрақұрылым арасындағы өзара байланысты қарастыра отырып келтіреді.
Жасанды интеллект суды қалай «ішеді»?
Жасанды интеллект жүйелеріне орасан зор есептеу қуаты қажет. Мұндай есептеулер дата-орталықтарда жүргізіледі. ЭЫДҰ дерегінше, ЖИ мен деректерді өңдеуге арналған инфрақұрылымның қоршаған ортаға әсерін бағалағанда электр энергиясы мен судың тікелей тұтынылуын да есепке алу қажет.
Мәселе тек су көлемінде емес. ЭЫДҰ жасанды интеллектінің энергия жүйелерін, өндіріс пен логистиканы тиімді басқаруға мүмкіндік беретінін атап өтеді. Алайда бұл технология, керісінше, ресурстарға деген қажеттілікті одан әрі арттыруы ықтимал. Сондықтан ЖИ-ді пайдаланған кезде оның экологияға әсерін алдын ала бағалау қажет.
Су тапшылығы жағдайында бұл нені білдіреді?
ЭЫДҰ есебінде су тапшылығы жеке мәселе емес, энергетика, өнеркәсіп және қалалар дамуымен тығыз байланысты мәселе ретінде қарастырылады. Қазір әлемде 2,2 млрд адам таза ауызсуға мұқтаж, ал 3,4 млрд адамға тиіс санитариялық жағдай жасалмаған. Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын шамамен 1 трлн доллар инвестиция қажет, алайда қазіргі қаржыландыру көлемі бұл қажеттілікті толық өтей алмайды.
Сондықтан ЖИ инфрақұрылымын дамыту кезінде су тапшылығы бар аймақтарға түсетін қосымша жүктемені ескеру маңызды. ЭЫДҰ мұндай мәселелерді су, энергия, өнеркәсіп және цифрлық саясатты бір-бірінен бөлек емес, өзара байланыстырып қарастыру арқылы шешуге шақырады.
Қазақстанда жағдай қалай?
Қазақстанда да бұл мәселе өзекті, өйткені елде бір мезгілде су ресурстарын басқаруды цифрландыру және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүріп жатыр.
ҚР cу ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Оған жерүсті және жерасты сулары, гидротехникалық нысандар және басқа да су шаруашылығы нысандары туралы деректер енгізіледі. Болашақта жүйеде жасанды интеллект пен ғарыш мониториңі деректерін пайдалану жоспарланған. Бұл су теңгерімін есептеуге, нақты қажеттілікті анықтауға және су ресурстарын пайдалануды талдауға мүмкіндік береді. Жүйені 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған.
Қазақстанда ЖИ инфрақұрылымы кеңейіп келеді. 2 қазанда AI & Digital Bridge 2026 аясында Қазақстанда жаңа дата-орталық салу туралы келісім жасалды. Жоба есептеу қуаттарын арттыруға және жасанды интеллект пен бұлт қызметтерін енгізуге бағытталған.
Бұл жағдай технологиялар инфрақұрылымы мен су ресурстарын жоспарлауды қатар жүргізудің маңызын арттырады. ЭЫДҰ да дәл осы мәселені көтеріп, ЖИ жүйелерінің энергия және су тұтынуын бағалайтын ортақ көрсеткіштер қажет екенін атап отыр.
Еске салайық, Үкіметтің хабарлауынша, Солтүстік Аралдағы су аумағы 36% ұлғайып, 23,4 млрд текше метрге жеткен.