Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлерін міндетті сақтандыру шартын онлайн рәсімдей алады. Жұмыс беруші мен жұмысшы үшін жаңа цифрлық сервис іске қосылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қызмет «Мемлекеттік аннуитеттік компания» АҚ сайтында. Жаңа жүйе арқылы жұмыс берушілер сақтандыру шартын өз бетінше рәсімдеп, қажет құжаттарды онлайн жолдай алады.
Сақтандыруды рәсімдеу үшін компанияның электронды цифрлық қолтаңбасы қажет. Жұмыс беруші барлық процесті бір порталдың ішінде орындай алады.
Алдымен жұмыс беруші жүйеге тіркеліп, қажет мәліметтерді енгізеді. Одан кейін сақтандыру құны есептеліп, шарт жасалады. Құжатқа қол қоймас бұрын ақпаратты тексеріп, қажет болған жағдайда өзгертуге мүмкіндік бар.
Министрліктің мәліметінше, ақпараттың бір бөлігі мемлекеттік ақпарат жүйесі мен бірыңғай сақтандыру дерекқорынан автоматты түрде жүктеледі. Қалған деректі жұмыс беруші өзі енгізеді. Құжаттар мен анықтамаларды да портал арқылы жүктеуге болады.
«Мемлекеттік аннуитеттік компания» басқарма төрағасы Олжас Әшкеевтің айтуынша, онлайн сервистің негізгі мақсаты – сақтандыру процесін жұмыс берушілер үшін жеңілдету.
Міндетті сақтандыру қызметкерлерді әлеуметтік тұрғыда қорғау үшін қажет. Заңда көзделген жағдайларда сақтандыру төлемі еңбекке қабілетсіз болған жағдайда келтірілген зиянды өтеуге, сонымен қатар емделу, медицина және кәсіптік оңалту шығынын өтеуге бағытталады.
Еңбек министрлігінің дерегінше, қазір Қазақстанда шамамен 3,5 миллион жұмысшы жазатайым оқиғадан міндетті сақтандырумен қамтылған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 1 миллион 130 мың адамға көп.
***
Тағы оқыңыз: