Қазақстанда әуежай, теміржол және автовокзал, метро станциясы сияқты нысандарға атау беру мен оларды қайта атауға қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Нысан атауында өңір ерекшелігі ескеріледі
Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 24 қыркүйектегі №838 қаулысымен бекітілген. Қаулы жаңа қағидаларды белгілеп, нысандарға атау беру кезінде тарихи және мәдени ерекшеліктерді ескеруді көздейді.
Жаңа тәртіп бойынша нысандарға атау беру кезінде сол аумақтың тарихи, географиялық және мәдени ерекшеліктері назарға алынады.
Бұл талап әуежай, вокзал, автовокзал, метро станциясы секілді маңызды инфрақұрылым нысандарына да қатысты.
Нысанды қайта атау үшін 10 жыл өтуі керек
Қаулыдағы маңызды талаптардың бірі – бұрын берілген атауды қайта өзгертуге қатысты.
Енді нысанды қайта атау немесе оның атауын өзгерту үшін алдыңғы атау берілгеніне кемінде 10 жыл өтуі қажет.
Яғни нысан атауын қысқа уақыт аралығында бірнеше рет өзгертуге болмайды.
Белгілі тұлғалар есімін беруге де талап қойылды
Нысандарға белгілі тұлғалардың есімдерін беру тәртібі де нақтыланды.
Жаңа қағида бойынша көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет және басқа да салалардың өкілдерінің есімдерін нысандарға беру үшін олардың қайтыс болғанына кемінде бес жыл өтуі керек.
Бұл талап тарихи тұлғаның қоғам мен ел дамуына қосқан үлесін уақыт өте келе бағалауға мүмкіндік беруді көздейді.
Қағидада елдің тәуелсіздігін нығайтуға айрықша үлес қосқан немесе ерлік жасаған адамдарға қатысты ерекше жағдайлар қарастырылған.
Қаулы қашан күшіне енеді?
Құжат 2026 жылғы 24 қыркүйекте қабылданған. Қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 1 қазаннан бастап маңдайшаларға қатысты жаңа талаптар күшіне енетіні туралы жазылған еді. Өзгерістер кәсіпкер нысандарындағы маңдайшалардың рәсімделуі мен оларға қойылатын талаптарға қатысты.