Басты бет / Жаңалықтар /
ed28fb629f945ca3d739c2a42633feea Астанада жеңілдетілген ипотекаға өтінім қабылдау басталды
Фото: Отбасы банк

Астанада жеңілдетілген ипотекаға өтінім қабылдау басталды

«Отбасы банкі» Астанада тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары аясында жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын жеңілдетілген алдын ала немесе аралық тұрғын үй қарыздарына өтінім қабылдайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Бағдарламаға кімдер өтінім бере алады?

Бағдарламаға қатысу үшін өтінімдерді 2026 жылғы 7 қазаннан 19 қазанға дейін беруге болады. Үміткерлерді іріктеу 21 қазанда өтеді.

Өтінім тек «Отбасы банк» салымшыларынан қабылданады. Олар тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың бірыңғай республикалық электрон базасында немесе «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының» электрон базасында есепте тұруы қажет.

Қарыз алушының жинақ шотында қарыз сомасының кемінде 10%-ы көлемінде тұрғын үй құрылыс жинағы болуы керек.

Үміткерлерді іріктеу тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қойылған күні бойынша жүргізіледі. Есепке қойылған күндері бірдей болса, өтінімнің Otbasybank.kz тұрғын үй порталында берілген күні мен уақыты ескеріледі.

143 пәтер ұсынылады

Жеңілдетілген ипотека бойынша тұрғын үй Астана қаласы, Сарайшық ауданындағы А91 көшесі, 36/2 үйде орналасқан тұрғын үй кешенінен беріледі.

Нысан коды – 10339. Үй 2026 жылғы 31 шілдеде пайдалануға берілген. Пәтерлер «таза» әрленген.

Бір шаршы метр құны – 332 916 теңге. Барлығы 143 пәтер ұсынылады:

  • 47 – бір бөлмелі;
  • 66 – екі бөлмелі;
  • 18 – үш бөлмелі;
  • 2 – үш бөлмелі;
  • 10 – төрт бөлмелі пәтер.

Бір бөлмелі пәтерлер ауданы 37,1–45,4 шаршы метр, екі бөлмелі пәтерлер — 57,4–62,8 шаршы метр, үш бөлмелі пәтерлер — 79,2–83,8 және 88,6–90 шаршы метр аралығында. Төрт бөлмелі пәтерлер ауданы 107–111,6 шаршы метр болады.

Пәтерлердің 70%-ы кімдерге беріледі?

Жалпы тұрғын үй көлемінің 70%-ын басым құқыққа ие азаматтар арасында бөлу жоспарланған. Олардың қатарында:

  • Ұлы Отан соғысы ардагерлері;
  • жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
  • басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
  • I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • жесірлер;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналар және көпбалалы отбасылар;
  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.

Тұрғын үйдің 20%-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша кезекте тұрған азаматтарға бөлінеді.

Бұл санатта тұрғын үйге мұқтаждар болмаса немесе олар тұрғын үймен толық қамтамасыз етілсе, аталған үлес қалған жеті санат арасында табыс деңгейі мен тұрғын үй кезегіне қойылған күніне қарай бөлінеді.

Қалған тұрғын үй үлесі жоғарыда аталған жеңілдік санаттарына кірмейтін, бірақ тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға беріледі.

Өтінімді Otbasybank.kz тұрғын үй порталы арқылы беруге болады. Тұрғын үй кешені, пәтер жоспарлары мен ғимарат фотосуреттері туралы ақпарат та осы порталға орналастырылған.

Тағы оқыңыз:

«Наурыз» ипотекасы бойынша үй таңдауға берілген мерзім ұзартылды

Ипотека рәсімдеу қанша тұрады? Бағалау, нотариус, сақтандыру және басқа шығындар

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?