Басты бет / Жаңалықтар /
Нобель сыйлығы
Нобель сыйлығының медалі. Фото: Александр Махмуд

Физика бойынша 2026 жылғы Нобель сыйлығы иегері белгілі болды

2026 жылғы физика саласындағы Нобель сыйлығы Бельгия ғалымына берілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ол – Уисконсін-Мәдисін университетінің профессоры Фрәнсис Хәлзен.

Ғалым бұл марапатқа Антарктидадағы IceCube нейтрино обсерваториясын құруға қосқан үлесі және астрофизикалық шығу тегі бар нейтриноларды анықтағаны үшін ие болды.

Нобель комитетінің мәліметінше, Фрәнсис Хәлзен 1988 жылы нейтриноларды зерттеу үшін Оңтүстік полюстегі мұз қабатын пайдалануды ұсынған. Ғалымдар идеясы — мұзд ішінде нейтрино атом ядросымен соқтығысқан кезде пайда болатын жарық жарқылдарын арнайы детекторлар арқылы тіркеу.

IceCube қалай жұмыс істейді?

IceCube – Антарктида мұзының шамамен бір текше шақырымына орналастырылған мыңдаған жарық детекторынан тұратын алып ғылыми обсерватория. Оны орнату жұмыстары 2011 жылы аяқталған.

Зерттеу барысында ғалымдар энергиясы жоғары нейтриноларды тіркеп, олардың кейбірінің Күн жүйесінен тыс кеңістікте пайда болатынын анықтады. Бұл жаңалық ғарыштағы аса қуатты құбылыстарды зерттеуге жаңа мүмкіндік берді.

Нейтринолар ерекшелігі – олар затпен өте сирек әрекеттеседі. Сондықтан миллиардтаған бөлшек Жер арқылы, тіпті адам денесі арқылы да еш кедергісіз өте алады. Дәл осы қасиеттің арқасында олар Ғаламның ең алыс әрі қуатты құбылыстарынан ақпарат жеткізетін бірегей құрал болып отыр.

Нобель комитетінің физика саласындағы төрағасы Марк Пирстің айтуынша, Хәлзен халықаралық ғалымдар мен инженерлерден құралған үлкен топпен бірге жұмыс істеп, астрономияның жаңа бағытының дамуына жол ашқан.

Фрәнсис Хәлзен туралы

Фрәнсис Хәлзен 1944 жылы Бельгияның Тинен қаласында дүниеге келген. Ол 1969 жылы Левен католик университетінде философия докторы дәрежесін алған.

Ғалымның нейтрино физикасына қосқан үлесі нәтижесінде Антарктидадағы мұз қабаты бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ғарыш бөлшектерін зерттейтін бірегей детекторға айналды.

Еске салайық, 2026 жылғы Нобель сыйлығының лауреаттары қазан айында белгілі болатыны бұған дейін жазылған еді.

Жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?