Астанада тұрғын үйлерді жоспарлау және салу ережесіне қатысты өзгеріс енді. Жаңа талап көпқабатты тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 200-ден астам пәтер салынуы керек тұрғын үйде өрт сөндіру техникасына арналған екі кіреберіс жолы болуы керек.
Ал 400 пәтерге дейінгі тұрғын үй кешендерінде мына талаптар сақталса бір ғана өрт сөндіру жолын қарастыруға рұқсат етіледі:
- стилобатпен біріккен көппәтерлі тұрғын үй нысанының биіктігі 50 метрден аспауы керек;
- тұрғын үй бөлігінің қабатаралық дәлізі түтінге қарсы желдету жүйесімен жабдықталуға тиіс;
- эвакуация есіктеріне олардың ашық немесе жабық екені туралы ақпаратты өрт сөндіру бекетіне жіберетін магниттік-контактілі сигнал бергіштер (СМК) орнатылуы қажет;
- стилобатқа шығатын жолдан 10 метрден аспайтын қашықтықта өрт гидранты қарастырылуы керек;
- өрт сөндіру техникасы жүретін жолдардың бұрылу радиусы кемі 9,8 метр болуға тиіс;
- стилобатқа шығатын жолдың беті тайғанамайтын жабынмен қапталып, жылыту жүйесімен жабдықталуы қажет;
- өрт сөндіру техникасына арналған ішкі жол көліктің айналып жүруіне мүмкіндік беруге тиіс.
Ал 400-ден астам пәтер бар көпқабатты үйлерде жоғарыда аталған талап сақталса да, өрт сөндіру техникасына арналған бөлек екі кіреберіс жол міндетті түрде болуы керек.