Алматы-1 теміржол вокзалындағы жөндеу аяқталуға жақын. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы нысанның қазіргі көрінісін көрсетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
КТЖ мәліметінше, вокзал ғимараты мен оның аумағындағы жұмыстар аяқталып қалды. Жаңарған ғимараттың жалпы аумағы 17 мың шаршы метрден асады.
Вокзал ішінде жолаушыға арналған орындар, күту залы кеңейген. Сонымен қатар жаңа эскалатор, лифт пен ақпарат тақталары орнатылған. Ғимаратта заманауи жабдықтар болады.
Жаңғырту кезінде мүгедектігі бар жолаушылар мен балалы адамдарға қолайлы жағдай жасауға да басымдық берілген. Ғимараттың төменгі бөлігіндегі жерасты өткелінде коммерция нысандары орналасады.
Жолаушылар үшін модульді қонақ бөлмелері қарастырылған. Сонымен қатар вокзалда теміржол мұражайы ашылады.
Вокзал алдындағы аумақ та өзгереді. Бұған дейін автотұрақ болған жерде ағаш пен гүлзары бар абаттандырылған аллея болады. Мұнда орындықтар мен демалыс орындары, сонымен қатар ақпарат тақтасы орнатылады.
КТЖ мәліметінше, вокзалдың конкорсы да жаңарып жатыр. Оның конструкциясы күшейтіліп, шыны элементтер қолданылды. Бұдан бөлек, ғимараттың шатыры мен қасбеті өзгерді, қазір іші әрленіп жатыр.
Жөндеу тәулік бойы жалғасады. Күндізгі ауысымда 407 адам, түнгі ауысымда 68 адам жұмыс істейді. Нысанда арнайы техника да жұмылдырылған.