Басты бет / Жаңалықтар /
мектеп, оқушы, алғашқы қоңырау
Бірінші сыныпқа қабылданған балалар. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мектепте қыздарға қай кезде шалбар киюге рұқсат беріледі?

Қазақстанда қыздардың мектеп формасына шалбар киюге рұқсат етілген. Алайда оның қашан киілетініне және киімге қойылатын нақты талаптарға қатысты маңызды нормалар бар. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ҚР білім және ғылым министрінің мектеп формасына қойылатын талаптарды өзгерткен бұйрығында қыздарға арналған мектеп формасының құрамына пенжек (пиджак), желетке, белдемше, шалбар, классикалық жейде, етегі ұзын жемпір (кардиган), поло жейде немесе қысқа жеңді тоқыма көйлек (тенниска) кіретіні көрсетілген.

Құжатта қыздарға арналған шалбардың еркін тігілген және ұзындығы тобықты жауып тұруға тиіс екені нақты жазылған.

Талапта «қысқы уақытта» деген белгі тек кейбір киімдерге қатысты көрсетілген. Атап айтқанда, қыздардың мектеп формасына қыс мезгілінде трикотаж желетке, жеңсіз көйлек (сарафан) және тік жағалы жемпір (водолазка) қосылатыны жазылған. Ал шалбардың жанында «тек қыс мезгілінде» деген шектеу жоқ.

Демек қыздар шалбарды тек қыста ғана киюі керек пе?

Жоқ. Қолданыстағы талап мәтініне сүйенсек, шалбар – қыздардың мектеп формасының тұрақты элементтерінің бірі. Нормативтік құжатта оны тек күн суық кезде кию керек деген талап жоқ.

Бұл ретте мектептің өз формасына қатысты белгілі бір ерекшеліктері болуы мүмкін. Құжат бойынша мектеп формасының үлгісін және юбка ұзындығын білім беру ұйымы мен мектеп кеңесі (қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектептегі өзін-өзі басқару) айқындайды. Бұл шешім жалпы ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.

Яғни мектеп белгілі бір форма үлгісін бекіте алады, бірақ ол мектеп формасына қойылатын жалпы талаптарға сәйкес болуға тиіс.

Тағы бір маңызды норма: ата-аналар мектеп формасын кез келген сауда желісінен сатып ала алады және оның өндірушісін өзі таңдай алады.

Тағы оқыңыз:

9 қазаннан бастап мектепте оқушының телефон қолдану тәртібі өзгереді

Мектеп оқушылары 1-тоқсанда қанша уақыт оқиды және қашан демалады?

Жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?