Басты бет / Жаңалықтар /
коронавирус, дәрігер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін электрон кезекке тұруға болады

Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өтуге алдын ала электрон кезекке жазылу мүмкіндігі енгізіліп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Электрон кезекке қалай тіркелуге болады?

Жаңа сервис азаматтарға қабылдау күнін және өзіне ыңғайлы уақытты алдын ала таңдауға мүмкіндік береді.

Жобаны ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске асырып жатыр. Алдымен электрон кезек Ақмола облысында, кейін Алматы қаласында енгізілген.

Электрон кезекке Әлеуметтік қызметтер порталы — aleumet.egov.kz арқылы жазылуға болады.

Ол үшін азамат:

  1. Электрон цифрлы қолтаңба арқылы порталға кіреді;
  2. Жеке кабинеттен «Куәландыруға жазылу» қызметін таңдайды;
  3. Өзіне ыңғайлы күн мен уақытты белгілейді.

Жүйе азаматтың тұрғылықты жеріне қарай тиіс медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімін автоматты түрде анықтайды.

Жазылу аяқталғаннан кейін азаматтың телефон нөміріне МӘС-тен өтетін күн мен уақыт, бөлім мекенжайы және талон нөмірі көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі.

Қабылдауға үш күн қалғанда жүйе қосымша SMS жолдап, еске салады.

Кезекті ауыстыруға болады

Қажет болған жағдайда азамат жеке кабинеті арқылы жазылуды тоқтата алады немесе қабылдау күнін басқа уақытқа ауыстыра алады.

Азамат белгіленген уақытта келмесе, оның электрон кезегі автоматты түрде жойылады. Бұл туралы да телефонға тиіс хабарлама жіберіледі.

Министрлік мәліметінше, электрон кезек жүйесі азаматтардың күту уақытын қысқартуға және МӘС қабылдауын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Тағы оқыңыз:

МӘМС аясында қандай тексерулерден тегін өтуге болады?

Студенттердің МӘМС жүйесі бойынша сақтандырылуына қатысты маңызды 7 сұрақ

Жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?