«Наурыз» бағдарламасына қатысушыларға баспана таңдап, қарыз рәсімдеуге қосымша уақыт берілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бағдарлама туралы
Үй іздеу және оң шешім бойынша қарыз рәсімдеу мерзімі 2026 жылғы 30 желтоқсанға дейін ұзартылды. Бұл наурыз айындағы іріктеуден өтіп, төлем қабілеттілігін растаған қатысушыларға қатысты.
Бағдарламаға өтінімдер 2026 жылғы 10-31 наурыз аралығында қабылданған. Іріктеуден кейін сәуір-мамыр айларында қатысушылардың төлем қабілеттілігі бағаланған. Бастапқыда төлем қабілеті расталғаннан кейін баспана таңдап, қарыз рәсімдеуге алты ай берілген еді. Енді бұл мерзім жыл соңына дейін ұзартылды.
Қай жерден баспана сатып алуға болады?
Алматы, Астана, Шымкент және облыс орталықтарында бағдарлама аясында тек бастапқы нарықтағы тұрғын үй сатып алуға болады. Оның ішінде Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер де қарастырылған.
Ал өңірлер мен моноқалаларда қатысушыларға бастапқы және қайталама нарықтан тұрғын үй, жеке үй сатып алуға мүмкіндік беріледі.
Бастапқы нарықтағы пәтерлерді Baspana Market арқылы таңдауға болады. Қазір платформаның «Наурыз» бағдарламасына арналған бөлімінде әртүрлі өңірлердегі тұрғын үй кешендері ұсынылған.
«Наурыз» ипотекасының негізгі шарттары
Бағдарлама бойынша ипотека мөлшерлемесі әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 7%, қалған қатысушылар үшін 9% болып белгіленген.
Қарыздың ең жоғары сомасы:
- Алматы мен Астанада — 36 млн теңге;
- басқа өңірлерде — 30 млн теңге.
Несие мерзімі 19 жылға дейін беріледі.
Бастапқы жарна тұрғын үйдің жағдайына байланысты белгіленеді. Таза әрленген пәтер үшін 10%-дан, қарапайым әрленген және қайталама нарықтағы тұрғын үй үшін 20%-дан басталады.
Ипотека бойынша төлем қалай есептеледі?
«Наурыз» бағдарламасында төлем мөлшері алғашқы кезеңде жоғары болып, кейін төмендейді. Алдымен қатысушыға алдын ала қарыз рәсімделіп, кейін ол тұрғын үй қарызына ауысады.
Бағдарлама бойынша ұсынылатын тұрғын үйлерді Отбасы банктің Baspana Market платформасынан көруге болады. Платформада тұрғын үйдің орналасқан жері, шаршы метрінің бағасы және бағдарламаға қатысу мүмкіндігі туралы ақпарат көрсетіледі.
Тағы оқыңыз:
Ипотека рәсімдеу қанша тұрады? Бағалау, нотариус, сақтандыру және басқа шығындар