30 қыркүйекте Ташкентте Technovation 2026 халықаралық конференциясы өтті. Филип Моррис Интернешнл ( ФМИ) ұйымдастырған іс-шараға Өзбекстанның мемлекеттік органдары, халықаралық сарапшылар, ғалымдар, медицина мамандары, бизнес өкілдері мен инвесторлар жиылды. Күн тәртібінде инновация, бизнес трансформациясы, инвестиция тарту, ғылыми зерттеулер, жаңа өнім санаттарын реттеу және тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері болды.
Baribar.kz тілшісі халықаралық конференцияға қатысып, ғылым, технология, бизнес трансформациясы, инвестиция және жаңа өнім санаттарын реттеу мәселелері талқыланған сессияларды тыңдады.
Technovation — ФМИ ұйымдастыратын халықаралық пікірталас алаңы. Оның аясында компания ғылым, технология және инновация мәселелерін, соның ішінде темекі өнімдерінің түтінсіз санаттарына қатысты зерттеулерін таныстырады. 2026 жылы конференция Уашиңтон, Стокгольм және Рабатта өткен. Ташкент биылғы халықаралық кездесулердің тағы бір алаңына айналды.

Бұл жолғы іс-шараның ерекшелігі технологиялық жаңалықтар ғана емес, инновацияның экономикаға, инвестициялық ортаға, мемлекеттік реттеуге және тұтынушыларға әсері де талқыланды.
Неге Ташкент таңдалды?
Конференцияны ФМИ-дің Оңтүстік Азия, Үндіқытай және ТМД елдері бойынша президенті Марко Мариотти ашты. Ол Өзбекстандағы өзгеріс қарқынына мән беріп, кейінгі онжылдықта елдің айтарлықтай трансформациядан өткенін айтты.
Марко Мариоттидің сөзіне қарағанда, инвестор үшін технологияның өзі ғана емес, оның дамуына жағдай жасайтын орта маңызды. Атап айтқанда, заң үстемдігі, болжамды әрі тұрақты реттеу, білікті кадрлар және инновацияны қолдайтын экожүйе инвестициялық шешімдерге тікелей әсер етеді.
Инновацияны танымал ету оңай емес. Бұл уақытты талап етеді. Алайда оның нәтижесі елдің тұрақты дамуына жол ашады, — деді ол.
ФМИ өкілінің айтуынша, халықаралық компаниялардың елдегі көпмерзімді жұмысы өз бизнесін дамытуға ғана емес, басқа инвесторларға да нарықтың әлеуетін түсінуге мүмкіндік береді. Демек, ірі бизнес белгілі бір елдегі инвестициялық ахуалдың өзіндік «тәжірибелік көрсеткішіне» айнала алады. Бұл ойды Марко Мариотти Technovation алаңында да айтып өтті.
Конференцияның Ташкентте өтуі осы тұрғыдан да маңызды. Өзбекстан кейінгі жылдары шетелдік инвестиция тарту, экономиканы жаңғырту және халықаралық нарықтарға шығу бағыттарына басымдық беріп келеді.
Инновация үшін мемлекет пен бизнес қатар жүруі керек
Конференцияның ашылуында Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы жөніндегі бас келіссөз жүргізушісі, президенттің ДСҰ жанындағы өкілі Азизбек Урунов сөз сөйледі. Ол Technovation-ды мемлекет, бизнес, инвесторлар және сарапшылар арасындағы диалог алаңы деп бағалады.
Азизбек Уруновтың айтуынша, инновация экономикалық өсімнің маңызды факторына айналып отыр. Ал ДСҰ-ға қосылу ел үшін сауда ережелерінің болжамдығын, реттеудің ашықтығын және көпмерзімді инвестицияларға жағдай жасауды күшейтуі мүмкін. Бұл ретте технологиялық даму тек жеке компаниялардың міндеті емес. Мемлекеттік реттеу, ғылым, бизнес және халықаралық серіктестер арасындағы байланыс та маңызды.

Өзбекстанның инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігі өкілі Акрам Алиев те инновацияны экономиканың негізгі даму драйверлерінің бірі деп атады.
Оның сөзіне қарағанда, инновацияның нәтижесін тек экономикалық көрсеткіштермен өлшеу жеткіліксіз. Қоғамның денсаулығын сақтау мен нығайту да ұзақмерзімді дамудың маңызды бөлігі болуы керек.
Осылайша, конференцияда инновацияға қатысты бір маңызды мәселе алға шықты: жаңа технология пайда болған кезде мемлекет оны қалай реттеуі керек, ал бизнес жаңа мүмкіндіктерді қоғам мүддесімен қалай үйлестіруі қажет?
Орталық Азияға инвестиция: бизнес трансформациясы қалай жүреді?
Конференцияның маңызды бөлімдерінің бірі инвестиция мен бизнес трансформациясына арналды. Пікірталасқа Yashil Energy, Coca-Cola Uzbekistan, EPAM, ФМИ және Өзбекстан ұлттық ғылым академиясының өкілдері қатысты.
ФМИ-дің Қазақстан және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Омар Абделлатиф Орталық Азияны компания үшін өсім әлеуеті жоғары аймақтардың бірі екенін айтты.
Абделлатифтің сөзінде бизнес трансформациясына қатысты тағы бір маңызды ой болды. Оның пікірінше, трансформацияны тек жаңа зауыт немесе құрал-жабдық сатып алумен шектеуге болмайды. Компания үшін өндірістен бастап өнімді тұтынушыға ұсынуға дейінгі барлық құн жасау тізбегін өзгерту маңызды. Ал мұндай өзгерістің орталығында адам тұр. Демек, жаңа технологияны енгізу үшін жаңа мамандарды даярлау, қызметкерлердің дағдыларын дамыту, жаңа идеяларды қолдау және өзгерістерге тез бейімделу қажет. Бұл тұрғыда Орталық Азиядағы инвестиция мәселесі тек капитал көлемімен өлшенбейді. Инвестиция өндіріс, технология, кадр және жаңа бизнес мәдениетімен қатар жүруі керек деген ұстаным айтылды.

Ғылым жаңа өнімді қалай бағалайды?
Конференцияның екінші бөлігі ғылым мен тұтынушылардың құқығына арналды. Осы бөлімдегі негізгі спикерлердің бірі — ФМИ-дің Оңтүстік Азия, Үндіқытай, ТМД, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі ғылыми байланыстар жөніндегі аға директоры, доктор Томоко Иида. Ол компанияның түтінсіз өнімдерді әзірлеу барысында жүргізетін ғылыми зерттеулері туралы айтып, жаңа технологияға қатысты кез келген пікір ғылыми дерекке сүйенуі керек екенін айтып өтті.
Томоко Ииданың айтуынша, темекі шегудің зиянын талқылағанда ең алдымен зиянның негізгі көзі не екенін анықтау қажет.
Никотин тәуелді етеді және оның қаупі жоқ емес. Алайда темекі шегу кезіндегі негізгі зиян көзі — жану өнімдері, — деді ол.
Оның түсіндіруінше, темекі жанған кезде мыңдаған химиялық қосылыс түзіледі. Олардың арасында улы және канцерогенді заттар да бар. Сондықтан түтінсіз технологияларды зерттеген кезде басты сұрақтардың бірі — Жану процесін алып тастаса, не өзгереді?
Ииданың пікірінше, жаңа технологияның өзін ғана жасап шығару жеткіліксіз. Оның адам ағзасына әсерін, химиялық құрамын және қауіп факторларын ғылыми тұрғыдан зерттеу қажет.

«Жауапты алдын ала болжамау керек»
Томоко Иида конференция барысында ғылымның жаңа технологияларды бағалаудағы рөліне ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, реттеушілер тарапынан қойылатын күрделі сұрақтардың өзі ғылыми зерттеулердің маңызды бөлігіне айналады. Мысалы, егер темекінің жану процесі жойылса, бұрын темекіде болмаған жаңа химиялық заттар пайда болмай ма деген сұрақ туындайды.
Филип Моррис Интернешнл зерттеушілері осындай мәселелерді тексеру үшін аэрозольдің химиялық құрамын зерттеп, анықталған компоненттерге жеке баға берген.
Мен үшін ғылымға көзқарас дегеніміз — жауапты алдын ала болжамау. Сұрақ қою, оған жауап іздеу, оны тексеру және қорытындыны деректердің анықтауына мүмкіндік беру, — деді Томоко Иида.
Бұл пікір конференцияның жалпы идеясымен де үндесті. Демек, инновацияны тек «жаңа» болғаны үшін қабылдау немесе керісінше, жаңа технологияға бірден күмәнмен қарау жеткіліксіз. Оның әсері мен тәуекелі ғылыми зерттеулер арқылы бағалануы керек.
Ииданың айтуынша, өнімдердің бір-бірінен ерекшелігін де жеке қарастыру қажет. Түтінсіз өнімдердің барлығы бірдей технологияға негізделмейді: кейбірінде темекі арнайы құрылғы арқылы қыздырылады, ал кейбір санаттарында никотинді жеткізудің басқа тәсілдері қолданылады. Сондықтан ғылыми бағалау кезінде өнімнің атауына немесе санатына ғана емес, оның нақты технологиясына, химиялық құрамына және қолдану тәсіліне мән берген маңызды.
Орталық Азиядағы тағы бір мәселе — дәстүрлі өнімдер
Томоко Ииданың Ташкенттегі пікірталаста көтерген маңызды мәселелерінің бірі — дәстүрлі никотин өнімдерін ғылыми зерттеу қажет екені. Ол мұндай өнімдердің дәстүрлі немесе түтінсіз болуы автоматты түрде қауіпсіз дегенді білдірмейтінін айтып өтті.
Мысалы, насвай секілді дәстүрлі өнімдердің нақты құрамын, зиянды химиялық заттардың мөлшерін және ықтимал тәуекелдерін зерттеу қажет. Бұл мәселе Орталық Азия үшін өзекті, себебі өңірдегі темекі және никотин өнімдерінің нарығы тек халықаралық компаниялар ұсынатын жаңа технологиялардан тұрмайды. Дәстүрлі өнімдердің де өзіндік тұтыну мәдениеті бар.
Сондықтан сарапшының айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы шешімдер нақты ғылыми зерттеулерге негізделуге тиіс. Мұнда өнімнің «дәстүрлі» немесе «жаңа» болуы емес, оның нақты құрамы мен адам денсаулығына ықтимал әсері маңызды.
Медицина мамандары: тұтынушы ақпараттандырылған шешім қабылдауы керек
Конференциядағы медициналық панельге Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Қазақстаннан дәрігерлер мен ғалымдар қатысты. Олар зиянды азайтуға бағытталған ғылыми тәсілдерді, инновациялардың рөлін және темекі индустриясының трансформациясы кезінде дәлелді базаның маңызын талқылады.

Қазақстаннан барған сарапшы, PhD, медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-стоматолог, Қазақстан стоматологтарының сарапшылар қауымдастығының президенті Мейрам Раганиннің пікірінше, адамға құрметпен қарау және оған өзіне төнетін қауіпті бағалап, саналы шешім қабылдауға мүмкіндік берген маңызды. Ол үшін тұтынушыға түсінікті ақпарат, ғылыми-медициналық қолдау және мамандардың көмегі қажет.
Раганин денсаулыққа қауіп төндіретін өнімдердің бәрінің зиян деңгейі бірдей емес екенін ескеру керек екенін де айтты. Сондықтан ғылыми тәсіл әр өнімнің ерекшелігін жеке бағалауға мүмкіндік беруге тиіс.
Жаңа өнімдер көбейген сайын реттеу де өзгереді
Technovation-дағы тағы бір маңызды тақырып — жаңа өнім санаттарын мемлекеттік реттеу. Қазір көптеген елде технология дамыған сайын дәстүрлі темекі өнімдерінен бөлек электрон жүйелер, қыздырылатын темекі өнімдері және құрамында никотин бар өзге де санаттар пайда болды.
Өзбекстан да бұл бағытта заңнамасын күшейтіп жатыр. 2025 жылғы қарашада қабылданған заң бойынша, елде электрон никотин жеткізу жүйелерінің, соның ішінде электрон сигареттер мен сұйықтықтардың айналымына қатысты шектеулер күшейтілді. Құжатта заңсыз өндіріс, сақтау, тасымалдау, сату, әкелу және әкету үшін жауапкершілік көзделген. Сонымен бірге Өзбекстан заңнамасында темекі өнімдері мен никотин тұтынуға арналған құрылғыларға қатысты нақты техникалық және санитарлық талаптар қарастырылған.
Бұл ретте қыздырылатын темекі өнімдеріне қатысты талаптар да реттеліп келеді. Мәселен, 2026 жылғы салық заңнамасында қыздырылатын темекі стиктері мен соған ұқсас өнімдер үшін акциз мөлшерлемелері белгіленген. Яғни жаңа технологиялардың пайда болуы мемлекет алдында екі міндетті қатар қояды: бір жағынан, тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, екінші жағынан, нарықтағы жаңа санаттарды түсінікті әрі тиімді ережелермен реттеу.
Тұтынушы құқығы: ақпарат қаншалық түсінікті?
Конференцияның қорытынды сессиясы «Трансформация жағдайында тұтынушылардың құқықтарын қорғау» тақырыбына арналды. Оған Өзбекстанның мемлекеттік кеден комитеті, техникалық реттеу агенттігі, бәсекелестік саясаты және тұтынушылардың құқықтарын зерттеу орталығы және Қазақстанның ұлттық тұтынушылар лигасының өкілдері қатысты.
Бұл бөлімде мәселе тек өнімнің қауіпсіздігімен шектелмеді. Жаңа өнім пайда болған кезде тұтынушы оның не екенін, қандай ерекшелігі барын, қандай талаптарға сай өндірілгенін және қандай тәуекелдері болуы мүмкін екенін түсінуі керек.

Қазақстан ұлттық тұтынушылар лигасының басшысы Светлана Романовскаяның пікірінше, адал бизнес тұтынушыға ашық болуы қажет. Оның айтуынша, компаниялар жаңа өнім жасап қана қоймай, оның қалай өндірілетінін және қалай зерттелетінін түсіндіруге дайын болуға тиіс.
Жаңа өнім санаттары пайда болған кезде дөңгелекті қайта ойлап табудың қажеті жоқ. Халықаралық тәжірибені ескеріп, іс жүзінде жұмыс істейтін шешімдерді іздеу маңызды, — деді ол.
Романовскаяның пікірінше, реттеу тұтынушы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, түсінікті стандарттарға негізделуі керек. Бұл ретте мемлекет, бизнес және тұтынушы арасында сенім қалыптастыру маңызды.
Инновацияның келесі кезеңі — сенім
Ташкенттегі Technovation 2026 конференциясының негізгі ерекшелігі — бір ғана технология немесе өнім емес, инновацияның айналасындағы тұтас экожүйенің талқылануы.
- Мемлекетке — болжамды әрі тиімді реттеу қажет.
- Бизнеске — инвестиция, тұрақты ережелер және білікті кадрлар керек.
- Ғылымға — зерттеу жүргізуге мүмкіндік пен ашық деректер қажет.
- Ал тұтынушыға — түсінікті ақпарат пен өз таңдауын жасауға мүмкіндік беретін орта қажет.
Осы төрт тараптың мүддесі бір нүктеде түйіскенде ғана технологиялық трансформация ұзақмерзімді нәтижеге жеткізе алады.
Ташкенттегі конференцияда да осы мәселе әртүрлі қырынан көтерілді: инвестиция мен өндірістен бастап ғылыми зерттеулерге, мемлекеттік реттеуден тұтынушы құқығына дейін. Ал Томоко Ииданың сөзі бұл пікірталастың ғылыми өзегін айқындап берді: жаңа технологияға қатысты қандай шешім қабылданса да, оның негізінде нақты сұрақ, зерттеу және дәлел болуы керек.