Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының прокуратурасы аудандық мәслихаттың «Бөрлі ауданы жолаушыларының жекелеген санаттарының қала ішіндегі қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүруі туралы» шешімін талдап, кәмелетке толмағандардың құқығы бұзылғанын анықтады. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.
Бас прокуратураның мәліметіне қарағанда, қолданыстағы мәслихат шешімінде 16–17 жас аралығындағы кәмелетке толмағандарға жол жүру ақысына 50% жеңілдік қарастырылмағаны анықталды.
Соның салдарынан сол жастағы оқушылар қоғамдық көлікте жол жүру ақысын толық тариф бойынша төлеп келген. Прокуратураның қадағалау актісі негізінде мәслихат шешіміне өзгеріс еніп, Ақсай қаласында кәмелетке толмаған жолаушы үшін жол жүру ақысы 50 теңге болды, — делінген хабарламада.
Бас прокуртатур осындай жеңілдік тарифі ауданның өзге де маршруттарында белгіленетінін хабарлап отыр. Нәтижесінде, 1 155 кәмелетке толмаған баланың құқығы қалпына келген.