Алматы облысының Жамбыл ауданында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған ауқымды мерекелік шара өтті. Көкбастау ауылындағы дүбірлі тойға 25 мыңға жуық адам жиналды.
Мерейтой аясында тау бөктеріне 50-ге жуық киіз үй тігіліп, ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптейтін түрлі шара ұйымдастырылды. Жыршы-термешілер мен өнерпаздар өнер көрсетіп, қолөнер шеберлерінің бұйымдары, асылтұқымды жылқылар мен тазылар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар спортшылар ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті.
Шара барысында Жамбыл Жабаевтың шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталып, оның айтыс өнері мен эпикалық дәстүрді дамытуға қосқан үлесі айтылды.
Мерекелік бағдарламада кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы да назардан тыс қалмады. Оның фильмдерінен үзінділер көрсетіліп, театрландырылған қойылым ұсынылды.
Думанды тойға мәдениет және қоғам қайраткерлері, жыршы-термешілер, айтыскер ақындар, облыс басшылығы, еліміздің әр өңірінен келген қонақтар мен жергілікті тұрғындар қатысты.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойға арналған құттықтау хатын оқып берді.
Президент құттықтауында Жамбыл Жабаевтың қазақ әдебиеті мен ұлттық мәдениеттегі орнына тоқталған. Сондай-ақ ақын шығармаларында отаншылдық, ынтымақ, ерлік, елдік, адалдық пен әділдік секілді құндылықтар кеңінен дәріптелгенін атап өткен.
Мемлекет басшысы Жамбылдың айтыс өнерінің өрісін кеңейтіп, эпикалық дәстүрді жаңғыртуға және қазақ-қырғыз әдеби байланысын нығайтуға елеулі үлес қосқанын айтты.
Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов те Жамбыл Жабаевтың ұлттық руханияттағы орнына тоқталды.
Оның айтуынша, Сүйінбай Аронұлынан бата алған ақын ғасырға жуық ғұмырында халықтың мұң-мұқтажын жырлап, елдік мәселелерді шығармашылығына арқау еткен.
Облыс әкімі Жамбыл мұрасын сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған шаралар жыл басынан бері Қазақстанда және шетелде өтіп келеді.
Бейжіңде «Жамбыл – ғасыр ақыны» атты тағылымдық шара ұйымдастырылса, Сүйінбай атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Ата толғауы» атты салтанатты концерт өтті.
Сондай-ақ Ұзынағаш ауылында халықаралық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы төрелік етті.
Айтыстың бас жүлдесін қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алып, жаңа автокөлікке ие болды. Бірінші орын Қырғызстаннан келген Кутман Садыбакасовқа бұйырды.
Екінші орынды Қазырет Бердіхан мен Нұрбол Жауынбаев, үшінші орынды Болат Ахметов пен Ұларбек Минатхан өзара бөлісті.