Басты бет / Жаңалықтар /
Air Atana, A321 LR ұшағы
Фото: Air Astana әуекомпаниясының баспасөз қызметі

Қарашадан бастап Алматы-Токио бағытында ұшатын рейс ашылады

Қазақстан мен Жапония арасында жаңа әуе бағыты іске қосылады. Air Astana компаниясы 30 қарашадан бастап Алматыдан Токиоға ұшатын рейсті ашатынын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Токиодан Алматыға ұшатын алғашқы кері рейс 1 желтоқсанға жоспарланған. Жолаушылар Токионың Нарита халықаралық әуежайынан аптасына екі рет Airbus A321LR ұшағымен қатынай алады. Air Astana компаниясы бизнес және эконом-класс санатындағы орындардың бар екенін жазды.

Жоспар бойынша, KC171 Алматы – Токио рейсі дүйсенбі және бейсенбі күні Алматыдан сағат 21:55-те ұшып, келер күні сағат 09:25-те Токиоға қонады.

Ал KC172 Токио – Алматы бағытындағы рейс сейсенбі және жұма күндері орындалады. Ұшақ Токиодан 10:55-те ұшып, Алматыға 16:20-да жетеді.

Алматыдан Токиоға ұшу уақыты шамамен 7 сағат 30 минут болса, кері бағыттағы рейс 9 сағат 25 минутқа созылады.

Әуе компаниясының мәліметінше, екі бағытқа эконом-кластағы билет бағасы барлық шығынды қоса есептегенде 350 552 теңгеден басталады. Бизнес-класта ең төменгі баға 1 398 918 теңге.

Рейстердің нақты кестесі Жапония үкіметінен тиіс рұқсат қағаз алынған жағдайда белгілі болады.

Естеріңізге салайық, Жапония азаматтары Қазақстанда визасыз 30 күнге дейін жүре алады. Ал Қазақстан азаматтарына Жапонияға бару үшін виза қажет. Сонымен қатар Жапония визасына өтініш беру тәртібі өзгерді. Жаңа ережені мына жерден оқыңыз.

Мақала туралы ойыңыз?