Басты бет / Жаңалықтар /
еңбекке жарамсыздық
Фото: Еgov.kz

3 қазаннан бастап еңбекке жарамсыз парағын рәсімдеу тәртібі өзгереді

3 қазаннан бастап еңбекке жарамсыз парағы мен анықтамасын беру тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Онлайн рәсімдеу тәртібі

Жаңа талаптар Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2026 жылғы 17 қыркүйектегі №110 бұйрығымен бекітілген.

Енді құжатты медициналық ұйымға жеке басын куәландыратын құжатпен немесе цифрлық құжаттағы электрон нұсқамен жүгініп алуға болады. Қызметті «цифрлық үкімет» порталы арқылы онлайн рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Өтініш берген кезде азаматтың жеке деректері цифрлық құжаттар сервисінен алынады. Ол үшін порталдағы хабарламаға бір реттік пароль немесе SMS арқылы келісім беру қажет. Телефон нөмірі порталда тіркелген болуы керек.

Өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қойылады. Дайын құжат азаматтың жеке кабинетіне жіберіледі. Қызмет көрсету мерзімі 30 минуттан аспайды.

Нәтижесінде еңбекке жарамсыз парағы немесе анықтама беріледі. Бас тартылған жағдайда оның себебі көрсетіледі.

Анықтама қай кезде беріледі?

Еңбекке жарамсыз туралы анықтама жәрдемақы төленбейтін жағдайда жұмыстан немесе оқудан босатуға негіз болады.

Құжат ауру, жарақат, улану, науқас балаға күтім жасау, карантин, санаторий емін жалғастыру, ортопедиялық протездеу және жүктілікті жасанды түрде үзу кезінде берілуі мүмкін. Инвазив зерттеулер, жаңа туған баланы асырап алу, студенттердің жүктілігі мен босануы кезінде де рәсімделеді.

Жүктілікті жасанды түрде үзу кезінде құжатты дәрігер бөлім меңгерушісімен бірге рәсімдейді.

Өздігінен түсік болған жағдайда құжат еңбекке жарамсыздықтың толық мерзіміне беріледі. Пациенттің жағдайы, диагнозы мен асқынулары медициналық цифрлық жүйеге енгізіледі.

Мақала туралы ойыңыз?