Басты бет / Жаңалықтар /
жас маман, мұғалім, педагог
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

«Жастар практикасы»: түлектерге ұсынылатын мүмкіндіктер

Тәжірибесі болмағандықтан жұмысқа орналаса алмай жүрген жас түлектерге «Жастар практикасы» жобасы мамандық бойынша еңбек жолын бастайтын таптырмас мүмкіндікке айналып отыр. Baribar.kz жоба мүмкіндіктері мен талаптарын түсіндіреді.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

«Жастар практикасы» жобасына алған мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесін жинақтағысы келетін, 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектер қатыса алады. Оқу аяқталғаннан кейін 5 жыл ішінде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар бағдарламаға өтінім бере алады.

Практика қанша уақытқа созылады?

«Жастар практикасының» ұзақтығы 12 айдан аспайды. Қатысушыларға ай сайын кемінде 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде жалақы төленеді.

Практика кезінде әр қатысушыға жұмыс беруші тарапынан тәлімгер бекітіледі. Ол жас маманға кәсіби білігін жетілдіріп, тәжірибе дағдыларын меңгеруге көмектеседі.

Жалақы қалай төленеді?

Бағдарламаны қаржыландыруды Еңбек мобильділігі орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырады. Жалақы қатысушылардың банк шоттарына ай сайын аударылады.

Қандай мамандарға сұраныс көп?

2026 жылғы ақпан–наурыз айларының қорытындысы бойынша жоба аясында 423 адам жұмысқа тұрды.

Олардың арасында:

  • мейіргер – 124 адам;
  • заңгер – 66 адам;
  • шет тілі мұғалімі – 57 адам;
  • тәрбиеші – 47 адам;
  • бастауыш сынып мұғалімі – 43 адам.

Республика бойынша «Жастар практикасы» қатысушыларының орташа жалақысы – 129,7 мың теңге.

Қалай қатысуға болады?

Бағдарламаға қатысу үшін тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына жүгіну қажет. Тіркелген жұмыссыздар Enbek.kz порталындағы бос жұмыс орындарының ішінен де жұмыс таңдай алады.

Мансап орталықтарының байланыс нөмірлерін Enbek.kz порталынан білуге болады.

Тағы оқыңыз: 

«Дипломмен ауылға» жобасына кімдер қатыса алады және қалай өтінім беруге болады?

Сізді жұмыстан шығарса немесе қысқартуға түсіп қалсаңыз, не білу қажет?

Мақала туралы ойыңыз?