1 қазаннан бастап Қазақстанда банктер мен микроқаржы ұйымдары онлайн несие рәсімдейтін азаматтарға сауалнама жүргізе бастады. Жаңа талап алаяқтардың ықпалымен алынатын несиені азайтуға бағытталған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, сауалнама кепілсіз тұтынушылық онлайн қарыз рәсімдейтін жеке тұлғаларға қатысты. Оның мақсаты – алаяқтардың нұсқауымен несие алып, кейін ақшаны үшінші тұлғаға аударатын азаматтарды анықтау.
Сауалнамада жеті сұрақ бар. Несие алушыдан:
- несие рәсімдеуге кім ұсыныс жасағаны;
- қарызды өз еркімен немесе басқа біреудің өтінішімен алып жатқан жоғы;
- ақшаны қандай мақсатқа жұмсайтыны;
- несие шартының негізгі талаптарымен танысқаны;
- біреудің оған қысым көрсетіп немесе асықтырып жатпағаны;
- банк қызметкерлерінен немесе туыстарынан несие алғанын жасыруға кеңес берілген немесе берілмегені;
- бұған дейін шоттағы ақшаны «қорғау» немесе операцияларды «тексеру» туралы қоңыраулар түскені сұралады.
Күдік туса, банк несие беруді тоқтатуы мүмкін
Сауалнама нәтижесінде алаяқтық белгісі немесе үшінші тұлғалардың ықпалымен несие рәсімдеу қаупі анықталса, қаржы ұйымы қосымша тексеріс жүргізеді. Сонымен қатар клиентке алаяқтардың әрекеті жайлы қосымша ақпарат беріледі.
Тексеру қорытындысы бойынша банк немесе микроқаржы ұйымы несие шартын жасасу, анықталған жағдай реттелгенге дейін рәсімдеуді уақытша тоқтату немесе несие бермеу туралы шешім қабылдай алады.
***
Тағы оқыңыз: