Америка ғалымдары 12 жасқа дейін смартфон пайдалана бастаған балаларда тамақтану тәртібінің бұзылуы жиірек кездесетінін дәлелдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
6200-ден астам жасөспірімнің деректері талданған
Зерттеу нәтижелері беделді JAMA Network Open журналында жарияланды.
Зерттеушілер Америка мектеп оқушыларының танымдық дамуын бақылайтын ауқымды жобаның мәліметтерін сараптамадан өткізді. Сауалнамаға қатысқан 6200-ден астам жасөспірімнің (жалпы көрсеткіштің 70 пайызы) 12 жасында өз смартфоны болған.
Зерттеу қорытындысы бойынша, олардың арасында ең жиі тіркелген ауытқу – шамадан тыс артық тамақтану. Бұл белгі 12 жасында гаджет ұстаған балалардың 9 пайызында анықталған.
Ал 14 жаста смартфоны бар әрбір төртінші баланың (24%) тамақтану тәртібі бұзылғанын жеткізді. Салыстырмалы түрде, бұл жаста смартфоны болмаған құрдастарының арасында мұндай мәселе 16 пайыз.
Басты себеп – әлжелілер
Ғалымдардың айтуынша, бұл байланыстың негізгі себебі – әлеуметтік медианың кері әсері.
- Өз-өзіне көңілі толмау: 12 жасына дейін телефон ұстаған жасөспірімдер өз құнын дене пішінімен ғана байланыстыруға екі есе жиі бейім екені анықталды.
- Қауіпті әдістерге жүгінеді: Олар артық салмақтан арылу үшін шектен тыс спортпен шұғылдану немесе тамақтан соң әдейі құсу сияқты деструктив тәсілдерді 50 пайызға жиірек қолданған.
Зерттеу авторы Джейсон Нагата әлжелілердегі өңделген, әдемі суреттердің балалардың өзіне деген көзқарасына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
«Суреттері мұқият таңдалып, өңделіп, түрлі сүзгілер қолданылған инфлюенсерлермен өзіңізді салыстыру денеңізге көңіліңіздің толмауына және қоғамда өзін төмен санауға себеп болуы мүмкін», – деді зерттеу авторы Джейсон Нагата.
Смартфон алып беруді кейінге қалдырған жөн
Бұған дейін сарапшылар экран алдында өткізілген әрбір қосымша сағаттың жасөспірім денсаулығына қауіп төндіретінін айтқан болса, бұл зерттеу баланың смартфонды қай жаста ұстайтыны да өте маңызды екенін көрсетті.
Зерттеуге қатыспаған Солтүстік Каролина университетінің психология және нейробиология профессоры Митч Принштейн балаға смартфон сатып алуды кемінде алты айға немесе бір жылға кейінге қалдырудың өзі мұндай тәуекелдерді айтарлықтай азайтатынын жеткізді.
Тағы оқыңыз:
Смартфон, планшет, теледидар: бала денсаулығына қайсы зиянырақ?