Басты бет / Жаңалықтар /
Жұмыс, работа, офис, құжат
Фото: Baribar.kz/ЖИ

Жұмыс беруші қай кезде қызметкерді жұмыстан шығара алады?

Еңбек кодексінің 52-бабында жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға болатын негіздер көрсетілген. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.

Жұмыста себепсіз болмаса

Жұмыскер бір жұмыс күні немесе жұмыс ауысымы ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаса, еңбек шарты бұзылуы мүмкін.

Қызметкердің білігі сай келмесе

Аттестаттау нәтижесі жұмыскердің атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына білігі жеткіліксіз екенін көрсетсе, жұмыс беруші еңбек шартын бұзуға құқылы. Заңда белгіленген кәсіп талаптарына сәйкес келмесе де, еңбек шарты тоқтауы мүмкін.

Жұмыс міндеттері орындалмаса

Жұмыскердің қолданыстағы тәртіптік жазасы болса және ол еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайтадан орындамаса немесе тиісінше орындамаса, жұмыс беруші еңбек шартын бұза алады.

Еңбек тәртібі өрескел бұзылса

Жұмыскер жұмыс уақытында ішімдік, есірткі немесе психотроп масаң күйде болған жағдайда да еңбек шарты бұзылуы мүмкін. Масаң күйде болу фактісін анықтау үшін медициналық тексеруден бас тарту да еңбек шартын бұзуға негіз болады.

Еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі немесе көліктегі қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын бұзу ауыр зардаптарға себеп болуы мүмкін болса, бұл да жұмыстан шығаруға негіздердің бірі.

Басқа да негіздер қарастырылған

Кодексте жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзудың өзге де жағдайлары белгіленген. Олардың қатарында жұмыс берушінің таратылуы, қызметкер саны немесе штатының қысқартылуы, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына байланысты өндіріс көлемінің төмендеуі, сынақ мерзімі кезіндегі жұмыстың теріс нәтижесі, заңмен қорғалатын құпияны жария ету, сот үкімімен анықталған мүлікті ұрлау немесе қасақана бүлдіру және басқа да жағдайлар бар.

Жұмыскердің денсаулық жағдайы атқаратын жұмысты жалғастыруға мүмкіндік бермеген жағдайда, заңда көрсетілген өзге негіздер болған кезде еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен бұзылуы мүмкін.

Еңбек кодексінің 52-бабында жұмыскердің бір айдан астам уақыт бойы жұмыс берушіге белгісіз себептермен жұмыста болмауы еңбек шартын бұзу негізі ретінде көрсетілген.

Тағы оқыңыз:

Сізді жұмыстан шығарса немесе қысқартуға түсіп қалсаңыз, не білу қажет?

Жасы 50-ден асқан жұмыссыздарға арналған «Күміс жас» жобасына қалай қатысады?

Мақала жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?