Әлжелідегі жарияланымдар мен мессенджерлердегі хат алмасулардың да құқықтық салдары болуы мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Instagram-дағы жазба сотқа жетті
Қазақстандағы сот практикасы адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді жариялау, оның фотосын келісімінсіз тарату сот талқылауына себеп болатынын көрсетеді.
Өскемен тұрғыны Instagram әлжелісінен өзіне қатысты жағымсыз жарияланымдарды байқаған. Екі қолданушы оның фотосын әдепсіз сөздермен қатар орналастырып, оның мінез-құлқы мен клиенттерге қатысты әрекеттері туралы мәліметтер жариялаған.
Жауапкерлер бұл жазбаларды өздерінің жеке пікірі ретінде түсіндірген. Алайда сот олардың уәжін қабылдамаған. Соттың бағалауынша, нақты адамға қатысты эмоционал сипаттағы айыптаулар жай пікір емес, дәлелдеуді қажет ететін мәлімдемелер ретінде қарастырылған. Жауапкерлер өз сөздерін растайтын дәлелдер ұсына алмаған.
Әйелдің фотосын оның келісімінсіз жариялау да құқықтық жауапкершілікке негіз болған. Сот жарияланымдарды жоюға және олардағы мәліметтерді теріске шығаруға міндеттеді.
Екі жауапкердің әрқайсысынан талап қоюшыға моральдық зиян ретінде 300 мың теңгеден және сот шығындары өндірілді. Апелляциялық және кассациялық сатылар бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
WhatsApp чатындағы фото да дәлел болды
Осыған ұқсас тағы бір іс Астана тұрғынының шағымы бойынша қаралған. Ол тұрғындар жиналысына қатысқаннан кейін шамамен 1,5 мың адам кіретін екі WhatsApp чатынан өзінің фотосын көрген.
Сот мессенджердегі скриншоттарды электрон дәлел ретінде таныды. Фотосуретті адамның келісімінсіз көпшілік қатысатын чатқа орналастыру оның құқықтарын бұзған деп бағаланды.
Алайда сот хабарламаларды чаттан алып тастау туралы талапты қанағаттандырмаған. Себебі белгілі бір уақыт өткеннен кейін оларды барлық қатысушының құрылғыларынан техникалық тұрғыдан өшіру мүмкін емес.
Нәтижесінде екі жауапкерден талап қоюшының пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 20 мың теңгеден өндірілді. Үшінші жауапкердің бұл іске қатысы дәлелденбегендіктен, оған қатысты талап қанағаттандырылмады. Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы шешімді қолдады.
Скриншоттар да сотта дәлел бола алады
Сот практикасы әлжелідегі жазбалар, хат алмасулардың скриншоттары және экран суреттері азаматтық даулар кезінде электрон дәлелдеме ретінде пайдаланылуы мүмкін екенін көрсетеді.
Сондықтан әлжеліде белгілі бір адамға қатысты нақты айыптауларды жариялаған кезде олардың шынайылығын дәлелдей алатын деректер болуы маңызды. Ал басқа адамның фотосын оның келісімінсіз жариялау да заңда көзделген құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.
Бұл істер интернеттегі ақпараттың да сотта құқықтық бағаланатынын көрсетеді. Яғни әлжелідегі пост, жеке чаттағы хабарлама немесе скриншот жауапкершіліктен тыс кеңістік емес.
Тағы оқыңыз:
Әл-Фараби көшесіндегі жол апаты: Алматы ПД бұрынғы бастығы орынбасарының жүргізушісі сотталды