Басты бет / Қоғам /
шымкент, әлеуметтік инфақұрылым
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Президент тапсырмасымен Шымкентте әлеуметтік инфрақұрылым ауқымы кеңейіп келеді

Шымкентте медициналық инфрақұрылымды кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Қалалық №2 көпбейінді аурухананың аумағында жаңа қосымша корпустың құрылысы басталды. Нысанның құрылыс алаңында капсула салу рәсімі өтіп, оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Жаңа ғимарат 80 төсек-орынға шақталған. Оның іске қосылуы тұрғындар санының артуына байланысты медициналық қызметке түсіп отырған жүктемені азайтып, мамандандырылған және шұғыл көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Қалалық №2 көпбейінді аурухана бүгінде нейрохирургия, кардиология, инсульттік көмек, реанимация және перинаталдық медицина секілді бірнеше бағытта қызмет көрсетеді. Медициналық мекеме жыл сайын шамамен 20 мың пациентті қабылдайды. Осыған байланысты аурухананың материалдық-техникалық базасын күшейтіп, қосымша медициналық кеңістік құру қажеттілігі туындаған.

Жоба аясында нейрохирургия мен кардиореанимация қызметтерін дамытуға басымдық берілмек. Сонымен қатар инсульт, инфаркт және жіті коронарлық синдром жағдайында медициналық көмек көрсету сапасын арттыру көзделген. Жаңа корпуста заманауи қабылдау-диагностикалық орталық жұмыс істейді.

Ғимаратты жобалау кезінде пациенттердің, медицина қызметкерлерінің және жедел жәрдем көліктерінің қозғалысы да ескерілген. Жаңа корпус қолданыстағы аурухана мен перзентхана ғимаратына жабық галерея арқылы қосылады. Осылайша, үш нысан өзара байланысқан бірыңғай медициналық кластер ретінде жұмыс істейтін болады. Ал жедел жәрдем көліктері үшін жеке бастырма қарастырылған.

Қала әкімі медициналық нысандарды дамыту мегаполистің қазіргі қажеттілігімен қатар, халық санының алдағы өсімін де ескеруі қажет екенін атап өтті.

«Президенттің тапсырмасымен қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Денсаулық сақтау саласындағы мұндай жобалар тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа корпус аурухананың жұмыс тиімділігін күшейтіп, пациенттер мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай қалыптастырады», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмаларында да басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі денсаулық сақтау нысандарын дамытып, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен. 2026 жылға арналған міндеттер қатарында бірқатар аурухананы жаңғырту және жаңа медициналық нысандарды пайдалануға беру де қарастырылған.

Жаңа корпустың пайдалануға берілуі №2 көпбейінді аурухананың төсек қорын ұлғайтып қана қоймай, күрделі жағдайдағы пациенттерге қажетті медициналық көмекті бір жерде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Шымкенттегі денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған жобалардың бірі болмақ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?