Түркістанда 880 беттен тұратын екі томдық «Түркістан» энциклопедиясының тұсаукесері өтті. Ғылыми басылымда Түркістанның ғана емес, тұтас түркі әлемінің бірнеше мыңжылдық тарихы, мәдениеті мен рухани мұрасы қамтылған. Энциклопедияны әзірлеуге 300-ден астам ғалым қатысып, жұмыс бес жылға созылған.
Тұсаукесер Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтті. Жиында басылымның ғылыми тұжырымдамасы, мазмұны және оны әзірлеу барысы таныстырылды.
Екі томдық еңбек Астанадағы «Ғылым» баспасынан Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген. Жобаға академик, қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Қыдырәлі жетекшілік етті.

Түркістан ұғымы кең мағынада қарастырылған
Жоба жетекшісінің айтуынша, энциклопедияның басты ерекшелігі – Түркістан ұғымының тек қазіргі қала немесе әкімшілік аумақ шеңберінде қарастырылмауы.
«Мағжан ақын айтқандай, “Екі дүниенің есігі, ер түріктің бесігі” саналған Түркістан – түрк халықтарының тұтастығын айқындайтын географиялық, этностық, мәдени және саяси кеңістіктегі ауқымды аймақ», – деді Дархан Қыдырәлі.
Оның сөзінше, басылымды әзірлеудегі негізгі мақсаттардың бірі – осы кең мағынадағы Түркістан ұғымын ғылыми тұрғыдан жүйелеу.
«Сондықтан қолдарыңызға тиіп отырған “Түркістан” энциклопедиясы тұтас түркі әлемінің мақтанышы, рухани ордасы Түркістанға арнайы тарту ретінде шығарылып отыр», – деді академик.
Энциклопедияға үш мыңнан астам мақала енген
Екі томдық еңбекте түркі халықтарының ортақ тарихи кеңістігіне қатысты деректер жинақталған. Онда тарихи тұлғалар, мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, ойшылдар, этностар, терминдер мен ғылыми ұғымдар жүйеленген.
Түркістан қаласының тарихы, археологиялық және сәулет мұралары, тілдік және жазба мәдениеті, әдебиет, фольклор мен этнографияға да қатысты материалдар берілген.
«Дүниежүзі түркология саласы мен оның әйгілі білгір мамандары, түркі әлемінің мемлекет қайраткерлері, ойшыл ғұламалары мен интеллигенция өкілдері, маңызды тарихи оқиғалары бойынша үш мыңнан астам мақала мен мағлұматтар берілді», – деді Дархан Қыдырәлі.
Басылымда әлемдік түркологияның белгілі өкілдері мен түркі әлемінің мемлекет қайраткерлері, ойшылдары және зиялы қауым өкілдері туралы да мәліметтер бар.
Төрт мыңнан астам атау қайта зерделенген
Энциклопедияны әзірлеу барысында төрт мыңнан астам атау мен ұғым қайта қаралған. Бұған дейінгі ғылыми еңбектердегі материалдар жаңа зерттеулер мен деректер негізінде толықтырылған.
Бұрын энциклопедиялық еңбектерге енбеген тұлғалар, тарихи оқиғалар, жер-су атаулары мен ғылыми ұғымдарға қатысты жаңа мақалалар да дайындалған.
Дархан Қыдырәлінің айтуынша, басылымда түркі әлеміне қатысы бар мемлекеттер, отандық және шетелдік тұлғалар, этностар, терминдер мен түрлі тарихи-мәдени және ғылыми-танымдық ұғымдар жүйелі түрде топтастырылған.
Жобаны әзірлеуге 300-ден астам ғалым қатысқан
Ғылыми-зерттеу жұмыстары 2021-2025 жылдары жүргізілген. Жобаға тарих, археология, этнография, әдебиет, тіл білімі, сәулет, мәдениет және түркология салаларындағы 300-ден астам ғалым қатысқан.
Энциклопедияның көркем безендірілуіне де ерекше көңіл бөлінген. Екі томдықта тарихи және географиялық карталар, тарихи тұлғалар портреттері, миниатюралар, жаңғыртпа сызбалар, археология және сәулет ескерткіштерінің суреттері, арнайы түсірілген түрлі-түсті фотосуреттер да пайдаланылған.
Түркістан туралы алғашқы энциклопедиялық еңбектердің бірі 1998 жылы жарық көрген еді. Содан бері өңір тарихына қатысты жаңа зерттеулер жүргізіліп, көптеген дерек ғылыми айналымға енді. Түркістан облысының құрылуы мен Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесін алуы да жаңа басылымда қамтылған.
Жаңа энциклопедия тарихшыларға, түркологтарға, археологтар мен этнографтарға, әдебиеттанушыларға, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне және зерттеушілерге арналған. Басылым Түркістан тарихы мен түркі әлемінің мәдени мұрасына қызығатын оқырмандарға да арналған.