Алматыда халықаралық XI Baiqonyr Film Festival аяқталды. Марапаттау салтанатында ұлттық, халықаралық және дебюттік байқаулардың қорытындысы жарияланып, NETPAC жүлдесі мен арнайы марапаттар табысталды. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық байқау жеңімпаздары
Ұлттық байқаудың бас жүлдесін Тасқын Мырзаның «Мамыр» фильмі алды.
Үздік фильм — «Мамыр», Тасқын Мырза.
Үздік монтаж — «Күнделік», Максат Ануарбеков.
Үздік сценарий — «Әуес», Әсемай Қонысбек.
Үздік қоюшы-суретші — «Әуес», Кадыр Нурмаганбетов.
Үздік операторлық жұмыс — «299.4», Жан Болаткали.
Үздік режиссура — «Шабандоз», Шыңғысхан Ермахан.
Үздік актерлік ойын үшін арнайы жүлде — «Ер болады», Султан Нурмуха.
Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толғанына орай Алматы облыстық әкімдігі тағайындаған арнайы жүлде Әмір Кәкеннің «Жарық болған жаз» фильміне табысталды. Марапат иегеріне әкімдік атынан 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық та табысталды. Марапатты режиссердің келіні, продюсер Майра Қарсақбаева тапсырды.
Дәстүр бойынша ,оператор әрі ұстаз Болат Сүлеевтің шәкірттері де арнайы жүлде табыстады. Үздік операторлық жұмыс үшін берілетін марапат «299.4» фильміне, оператор Жан Болаткалиға бұйырды. Жүлдені Болат Сүлеевтің шәкірттері Еркінбек Пітірәлиев пен Айдар Оспанов табыстады. Лауреатқа кәсіби техника да сыйға тартылды.
Ұлттық байқау жеңімпаздарына Банк ЦентрКредиттің ақшалай жүлделері де табысталды.
Үздік фильм атанған «Мамыр» 500 000 теңге алды. Ал «Шабандоз» үздік режиссура үшін, «299.4» үздік операторлық жұмыс үшін, «Әуес» үздік қоюшы-суретші және үздік сценарий үшін, «Күнделік» үздік монтаж үшін, «Ер болады» арнайы қазылар жүлдесі үшін 250 000 теңгеден алды.
Халықаралық байқау
Халықаралық қысқаметражды фильмдер байқауының бас жүлдесін «Ранние чувства» фильмі алды. Марапатты фильмнің продюсері Эмиль Наджафов қабылдап алды.
Үздік режиссура — «Лухтак», Саммаридин Мухитдинов.
Үздік операторлық жұмыс — «Happy as Can Be», Анна Филичева.
Үздік сценарий — «The Doorman», Лили Казарян.
Үздік әйел рөлі үшін қазылар алқасының арнайы жүлдесі — «Случайность», Бегайым Асанакунова.
Дебюттік фильмдер байқауы
Халықаралық дебюттік толықметражды фильмдер байқауында Жаннат Алшанованың «Победителей видно на старте» фильмі үздік болды.
Қазылар алқасының арнайы жүлдесі Нина Волованың «Фейерверки днем» фильміне табысталды.
NETPAC жүлдесі
NETPAC халықаралық желісінің жүлдесі ex aequo, яғни екі фильмге тең дәрежеде берілді. Марапатты Азамат Утяновтың «Журнал» және Нұрсәт Қыдырбайдың «Күнделік» фильмдері алды.
Қазылар алқасы екі туындыны кейіпкерлердің болмысын жарқын аша білгені, күнделікті өмірді кинематографиялық тұрғыдан әсерлі қайта пайымдағаны және жанрларды батыл ұштастырғанын айтып өтті.
Baiqonyr Promotion
Жабылу салтанатында Baiqonyr Promotion бағдарламасының жаңа жеңімпаздары да жарияланды. Биыл бағдарламаға «Мамыр», «Әуес» және «Шабандоз» фильмдері таңдалды.
Baiqonyr Promotion фильмдердің фестивальден кейінгі жолын жалғастыруға, халықаралық фестивальдік стратегия құруға және жаңа алаңдарға шығуға көмектеседі.
New York Film Academy сертификаттары
Биыл New York Film Academy білім беру сертификаттарына 10 қатысушы мен фестиваль жеңімпазы алды. Олар: Эмиль Наджафов, Саммариддин Мухитдинов, Анна Филичева, Лили Казарян, Бегайым Асанакунова, Нодирхон Абдукаримов, Нұрлан Хасанли, Нина Волова, Ирина Большова және Юлия Степанова.
Марапаттардың бірін әнші әрі Baiqonyr Film Festival мүсіншесінің авторы Орынхан Рақымбеков табыстады. 11 жыл бұрын фестиваль жүлдесінің дизайнына жарияланған байқауда оның идеясы жеңімпаз болған еді. Содан бері Орынхан жасаған мүсінше Baiqonyr лауреаттарына табысталып келеді.
XI Baiqonyr Film Festival Абдолла Қарсақбаевтың «Алпамыс мектепке барады» фильмінің цифрланған нұсқасының көрсетілімімен аяқталды. Режиссердің туғанына 100 жыл толған жылы фестиваль оның шығармашылық мұрасына арнайы мән берді.