Басты бет / Жаңалықтар /
Астық
Фото: Еldala.kz

1,2 млрд теңге залал. Импортталған астықты Қазақстанда өндірілген деп эскпорттағандар ұсталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті астық импортына қатысты заңсыз схеманы ашты. Заңсыз схемадан ҚТЖ – Жүк тасымалына 1 млрд теңге, ал мемлекетке 1,2 млрд теңге залал келген. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.

Тергеу дерегінше, импортталған астық кейін Қазақстанда өндірілген өнім ретінде Орталық және Оңтүстік Азия елдеріне экспортталған. Қазақстан аумағы арқылы жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын, шамамен 130 мың тонна астық экспортталған. Астық Өзбекстанға, Ауғанстанға және Тәжікстанға жіберілген.

Схеманы іске асыру үшін алдын ала жалған басшылардың атына коммерциялық ұйымдар тіркелген. Кейін бұл компаниялар мен отандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алуға қатысты жалған шарттар рәсімделген. Осылай, астыққа Қазақстанда өндірілген өнім түрі беріліп, оны тасымалдау кезінде жеңілдетілген тариф қолданылған. Астық экспортына қатысты схемада «Bakery Nan», «KazGrano», «Perfect Seed», «Weizen» және «Golden Grain Kazakhstan» ЖШС-лары пайдаланылған, — делінген ҚМА хабарламасында.

Транзиттік тариф төленбегендіктен, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-не 1 млрд теңгеден аса залал келген.

Күдіктілер салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алудан және кредиторлар алдындағы міндеттемесін орындаудан жалтару үшін өзінің бақылауындағы экспорттаушы компаниялардың шотынан үлестес ұйымдардың шотына ақша аударып, кейін банкроттық туралы талап-арыз берген.

Бұл әрекет мемлекет мүддесіне 1,2 млрд теңге залал келтірген. Іс бойынша бес күдікті ұсталды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Процеске қатысқандар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?