Шымкент қаласында Қарттар күніне орай аға буын өкілдеріне арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» өткен кеш «Қарттар – ұрпақ тәрбиесінің өнегесі» тақырыбына арналды.
Іс-шараға қаладағы ардақты қариялар, ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды аталар, ардагерлер ұйымының өкілдері, орталық қызметкерлері және өнерпаздар қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың қоғамдағы орнын айшықтау және өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үлгі ету.
Мерекелік кештің шымылдығын «Шымкент концерт» концерттік ұйымының «Яссы» би ансамблі ашты. Өнер ұжымы «Сағыныш» биін орындап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шара барысында қазақ қоғамындағы қариялардың орны мен олардың ұрпақ тәрбиесіне қосып келе жатқан үлесі туралы айтылды. Аға буынның өмірлік тәжірибесі, ақыл-кеңесі мен батасының кейінгі ұрпақ үшін маңызы ерекше екені атап өтілді. Сонымен қатар салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды сақтап, оны жас буынға жеткізудегі қариялардың рөліне назар аударылды.
Мерекелік шара барысында орталықтың қоғамдық өміріне белсенді қатысып, түрлі іс-шараларға тұрақты түрде атсалысып жүрген бірқатар қария арнайы марапатталды. Белсенді азаматтарға алғыс хаттар мен мерекелік сыйлықтар табысталып, олардың қоғамдық жұмыстарға қосқан үлесіне ризашылық білдірілді.
Шара барысында қариялардың белсенді өмір салтын ұстануына да ерекше мән берілді. Орталықта аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді өткізуіне, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және қоғамдық ортада белсенді болуына мүмкіндік беретін түрлі үйірмелер мен мәдени-танымдық кездесулер ұйымдастырылып келеді. Мұндай бастамалар қарттардың әлеуметтік ортадан тыс қалмай, өзара тәжірибе алмасуына және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасайды.
Шымкент қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, ардагерлер қозғалысының белсенді ұйымдастырушысы Асқар Асылбек Жұмабайұлы да жиынға қатысып, қарияларды мерекемен құттықтады.
Ол қазақ қоғамында үлкенді сыйлау мен қарияның батасын алу ежелден қалыптасқан дәстүр екенін атап өтті. Сондай-ақ ардагерлердің елге қызмет етіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосқанын айтып, аға буын өкілдеріне зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
Мерекелік кеш бұдан әрі мәдени бағдарламаға ұласты. Шымкент қаласының сатира және әзіл-сықақ театрының әртістері көрермендерге әзілге құрылған сахналық қойылымдарын ұсынып, жиналған қауымның көңілін көтерді.
Кеш қонақтарына танымал әнші Ақсұлу Оңғарбаева да музыкалық тарту жасады. Өнерпаз сахнада «Қуанышың көп болсын» әнін орындап, қарияларға жылы лебізін жеткізді.
Шара барысында аға буын өкілдері концерттік бағдарламаны тамашалап, ән тыңдап, әзіл-сықақ көріністерін көрді. Қариялар өзара пікір алмасып, емен-жарқын әңгімелесіп, мерекелік көңіл күйге бөленді.
Кеш соңында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» ұйымдастырушылары барша қарияларды Қарттар күнімен құттықтап, әр шаңыраққа амандық, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасы бақыты тілейтіндерін жеткізді. Іс-шара аға буынға деген құрмет пен ізеттілікті дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығының маңызын тағы бір мәрте көрсетті.