Тәбет пен тоқтық сезімі туралы редакциялық иллюстрация

Үнемі қарныңыз ашып жүру себебі және пептидтердің ағзаға әсері

Артық салмақтың себебін тек «артық тамақ жеу» немесе «аз қимылдау» деп түсіндірген дұрыс па? Аш және тоқ жүру сезімін қандай гормондар реттейді, эмоциямен ашығуды физиологиялық аштықтан қалай ажыратуға болады? Кейінгі жылдары жиі айтылып жүрген пептидтер ағзада қандай қызмет атқарады? Осы сұрақтарға Baribar.kz тілшісіне мамандар жауап берді.

Бұған дейінгі материалымызда артық салмағы бар адамдардың не себепті көбейіп жатқаны және оның ағзаға әсері туралы жазған едік. Бұл жолы мәселенің басқа қырына – адамның тәбеті, аштық сезімі, психологиялық факторлар және пептидтердің ағзадағы рөліне тоқталамыз.

Шолпан Есламғалиева
МАҚАЛА САРАПШЫСЫШолпан ЕсламғалиеваЭндокринолог-генетик

Неліктен үнемі қарныңыз аша береді?

Эндокринолог-генетик Шолпан Есламғалиеваның айтуынша, аш және тоқ жүру сезімі ми, асқазан-ішек жолдары және май тіні арасындағы күрделі сигналдар жүйесі арқылы реттеледі.

Маман сөзіне қарағанда, үнемі тамақ жегіңіз келуіне физиология және гормон факторлары әсер етуі мүмкін.

«Физиологиялық себептердің қатарында асқазан-ішек жолдарының жұмысы, калорияның созылмалы тапшылығы, жылдам арықтау және ұйқының бұзылуы бар. Мысалы, адам көп уақыт бойы жеткілікті мөлшерде тамақтанбаса немесе аз уақыт ішінде жылдам арықтаса, ағза энергия үнемдеуге тырысып, тәбетті күшейтуі мүмкін.

Ұйқы қанбауы да тәбетке әсер етеді. Кеш жату мен аз ұйықтау күйзеліс гормондары деңгейін өзгертіп, тоқ жүру сезіміне жауап беретін механизмдерге әсер етуі мүмкін».

Аш және тоқ сезімдеріне жауап беретін үш гормон

Шолпан Есламғалиева тәбетті реттейтін грелин, лептин және инсулин гормондарының рөліне тоқталды.

ГрелинГрелин аш сезіміне жауап беретін гормон. Ол негізінен асқазанда өндіріледі. Асқазан бос болған кезде оның деңгейі жоғарылап, тамақтанғаннан кейін төмендейді. Ұйқысыздық, күйзеліс және қатаң диеталар кезінде грелин деңгейі артып, аштық сезімі күшеюі мүмкін.

ЛептинЛептин тоқ сезіміне жауап беретін гормон. Ол май тінінде өндіріліп, ағзадағы энергия қоры туралы миға белгі береді. Артық салмақ жиналғанда лептинорезистенттік қалыптасуы мүмкін. Бұл кезде лептин мөлшері жоғары болса да, ми оның белгісін сезбейді.

ИнсулинИнсулин де тәбетті реттеуге қатысады. Қандағы қант деңгейінің өзгеруі инсулиннің күрт бөлінуіне себеп болады. Мысалы, қарапайым жылдам көмірсуларды көп тұтынғаннан кейін глюкоза деңгейі тез төмендеп, «жалған аштық» сезімін тудырады. Артық салмақ болғанда да инсулинорезистенттілік жиі байқалады: қанда инсулин көп болғанымен, ол жасушаның ішіне өте алмайды.

Пептидтер дегеніміз не?

Эндокринологтың айтуынша, пептидтер – ағзадағы зат алмасу процестерін реттейтін басты құрал.

«Пептидтер дегеніміз – 40–50-ге дейінгі аминқышқылы қалдықтарынан құралған органикалық молекулалар. Олар пептид байланыстармен жалғасқан қысқа аминқышқылдар тізбегінен тұрады.

Ақуыздармен салыстырғанда мұнда аминқышқылдар мөлшері аз, сол себепті де пептидтердің молекулалық салмағы жеңіл, құрылымы қарапайым болып келеді. Ағзада олар «сигналды молекулалар» немесе ақпарат тасымалдаушылар қызметін атқарады. Тін жасушаларының бетіндегі арнайы рецепторлармен байланыса отырып, белгілі бір биохимиялық реакцияларды іске қосады».

Пептидтердің түрі өте көп болғандықтан, атқаратын функциясы да ауқымды:

Зат алмасу мен эндокрин жүйесін реттеу: инсулин, глюкагон, соматотропин гормондары;

Жүйке жүйесі импульстерін тасымалдау: бас миындағы нейропептидтер, эндорфиндер, энкефалиндер;

Иммун жүйесі жауабы мен инфекциялардан қорғау: пептид антибиотиктер мен иммунитет реттеуіштер;

Тіндерді қалпына келтіру: жаралардың жазылуы, коллаген мен сүйек тіндерінің синтезделуі.

Эндокринологтың айтуынша, бұл – ағзада бар табиғи пептидтер. Дегенмен жоғарыда аталған пептидтерге ұқсас қызметтерді атқару үшін солардың негізінде жасалған синтетикалық пептидтер де бар. Олардың атауы басқаша болуы мүмкін, ал қазіргі таңда оларды шығаратын өндірушілер өте көп.

GLP-1 тәбетке қалай әсер етеді?

GLP-1 – глюкагон тәрізді пептид, яғни ағзаға тамақ түскен кезде ішек жасушаларында өндірілетін инкретин гормон. Бұл – ағзадағы қалыпты процесс. Маманның айтуынша, оның концентрациясы көбейгенде бас миы, асқазан, ұйқы безі жауап береді:

GLP-1: үш бағыттағы әсер

Бас миына әсеріТәбетті төмендетеді, тамаққа деген құмарлықты басады және тамақ туралы мазасыз ойлардан арылуға көмектеседі.

Асқазанға әсеріМеханикалық тоқ сезімін ұзартады. Асқазанның перистальтикасы мен тамақ түйірінің ішекке өтуін баяулататындықтан, асқазан көбірек уақыт тоқ болып тұрады.

Ұйқы безіне әсеріОл қандағы глюкоза мөлшеріне сай инсулин өндірісін арттырады да, глюкагонның бөлінуін тежейді.

Осылай, ол қандағы қант деңгейін тұрақтандырып, аш сезінуге жол бермейді.

Семаглутидтің әсері қандай?

Эндокринолог Шолпан Есламғалиеваның айтуынша, ағзамызда табиғи GLP-1 пептидін бұзатын ДПП-4 ферменттері бар:

«Олар бұл гормонды бары-жоғы 1–2 минут ішінде ыдыратып жібереді. Сондықтан ағзадағы бұл процесс көпке созылмайды, тамақ тез қорытылып, аштық сезімі қайтадан пайда болады.

Ал бұл препаратты сырттан қабылдағанда (мысалы, семаглутид, тирзепатид сияқты осы рецепторлардың синтетикалық агонистері) жағдай өзгереді».

Маманның түсіндіруінше, семаглутид формуласы адамның табиғи пептидіне 94% ұқсас, ал өзгертілген 6%-ы оны бұзатын ДПП-4 ферменттеріне қарсы тұруға мүмкіндік береді. Осының арқасында оның ағзадан шығарылу мерзімі жеті күнге дейін ұзарады. Сондықтан препарат аптасына бір-ақ рет енгізіледі.

«Әсер ету принципіне келсек, ол ағзада тамақтың бар екенін үздіксіз әрі қуатты түрде «симуляциялайды». Демек, тіпті аз тамақтанғанның өзінде миға тоқтық сигналын жібереді».

Бұл препараттар кімге ұсынылады?

Шолпан Есламғалиева бұл дәрілердің ресми түрде мына топтарға берілетінін айтты:

  • гликемияны бақылау және жүрек-қан тамырлары асқынуларының қаупін азайту үшін 2-типті қант диабеті бар пациенттерге;
  • клиникалық семіздікке шалдыққандарға (дене салмағы индексі (ДСИ) 30-дан асып кеткенде);
  • артық салмағы бар пациенттерге (ДСИ 27–29 аралығында) – оларда артериялық гипертензия, дислипидемия, атеросклероз, анамнезінде инсульт немесе инфаркт сияқты қосарланған аурулар болса.
Анастасия Колпакова
МАҚАЛА САРАПШЫСЫАнастасия КолпаковаДиетолог

Эмоциялық аштық деген не?

Артық салмақ мәселесінде физиологиямен қатар психологиялық факторлардың да маңызы бар.

Диетолог Анастасия Колпакованың айтуынша, салмақ қосылуына көп уақыт бойы қалыптасқан калория профициті әсер етеді. Демек, бұл – адам жұмсайтын энергияға қарағанда тұтынатын энергиясы көп болатын жағдай.

Маманның айтуынша, адам қанша калория жеп, оның қаншасы ағзаға сіңетініне көптеген фактор әсер етуі мүмкін:

Эндокрин жүйесі аурулары: кейбір гормон бұзылыстарының салдарынан тәбеттің артуы;

Дене белсенділігінің төмендеуі: күнделікті қозғалыстың азаюы;

Тамақтану режимінің бұзылуы: адамның негізгі тамақтану уақытын өткізіп алып, оның орнын шағын, бірақ калориясы көп жеңіл-желпі тағам жей салуы;

Психоэмоционалдық күй: шамадан тыс шаршау, күйзеліс және мазасыздық.

Көбіне, тамақ – ішкі сезімдер мен эмоциялармен күресудің ең оңай жолына айналып келеді.

Эмоциялық аштықты шынайы аштық сезімінен қалай ажыратуға болады?

Шынайы аштық

Диетологтың айтуынша, шынайы аштық – ағзаға қорек заттар мен күш-қуат қажет екенін білдіретін белгі. Әдетте ол біртіндеп күшейеді. Алайда оның қашан пайда болатыны алдыңғы жеген тамақ құрамы мен мөлшеріне, адамның жеке ерекшеліктеріне де байланысты болуы мүмкін.

«Шынайы аштықтың физиологиялық белгілеріне іштің шұрылдауы немесе жайсыздық сезімі жатады. Жеңіл әлсіздік пен зейіннің төмендеуі байқалуы мүмкін. Мұндай аштықты қанағаттандыру үшін кез келген тағам жарайды. Тамақтанғаннан кейін адам өзін қанағаттанған әрі тоқ сезінеді».

Эмоциялық аштық

Диетологтың сөзіне қарағанда, эмоциялық аштық кенеттен пайда болады және тіпті тамақтанып болғаннан кейін де бірден сезілуі мүмкін. Бұл кезде аштыққа тән іштің шұрылдауы, әлсіздік немесе энергияның төмендеуі сияқты физикалық белгілер болмауы мүмкін.

«Эмоциялық аштық кезінде адам нақты бір тағамды жегісі келеді. Көбіне, тәтті немесе майлы тағамдарға тәбет ашылады. Әр тамақтан кейін десертпен шай ішумен аяқтау әдетке айналуы мүмкін. Мысалы, адам қарны тоқ болса да, дәл шоколад немесе тәтті тоқаш жегісі келеді. Мұндай аштық шаршау, ұйқының қанбауы немесе іш пысқан кезде пайда болуы мүмкін».

Дегенмен диетологтың пікірінше, физиологиялық және эмоциялық аштықты әрдайым бір-бірінен нақты ажырату мүмкін емес. Кей жағдайда олар қатар жүруі мүмкін.

Неліктен диетадан кейін адам қайтадан бұрынғы әдетіне оралады?

Анастасия Колпакова өз тәжірибесінде адамдар салмақ тастау үшін күнделікті әдеттегі тамақтануынан айтарлықтай ерекшеленетін диета таңдайтынын байқайды. Мұндай диетаның шектеуі көп болады, экзотикалық әрі қымбат өнімдер, дайындауға көп уақыт қажет ететін күрделі тағамдар қолданылуы мүмкін. Белгілі бір ережелерді қатаң сақтауды талап ететін сәнге айналған диеталар да бар.

«Мұндай диета ерте ме, кеш пе аяқталады. Адам салмағын азайтқанымен, жеткен нәтижесін қалай сақтап қалу керегін түсінбеуі мүмкін».

Сондықтан диетолог салмақ тастау үшін адамның көп уақыт бойы ұстана алатын рационын таңдауды ұсынады.

«Екінші себеп – эмоцияны реттеу дағдыларының қалыптаспауы. Адам күйзеліспен тамақ арқылы күресуге үйреніп қалуы мүмкін».

Диетологтың айтуынша, бұл дағдының қалыптасуының әбестігі жоқ.

«Алайда адам эмоциялық қысымды жеңуге көмектескен тағамдарға тыйым салып, күйзеліспен күресудің басқа тәсілдерін де үйренбесе, бұл тамақтану тәртібінің бұзылуына және бұрынғы әдеттеріне қайта оралуына әкелуі мүмкін».

Пептид препараттарды қабылдағанда тамақтану қалай өзгеруі керек?

Диетологтың айтуынша, пептид препараттармен емделу кезіндегі тамақтану теңгерімді болуы және құрамында жеткілікті мөлшерде ақуыз болуы керек. Тәбет төмендегеннің өзінде тұрақты әрі толық тамақтанып, ағзаға ақуыз бен басқа да қажет қорек заттардың жеткілікті мөлшерде түсуін қамтамасыз еткен маңызды.

«Емнің бастапқы кезеңінде және препарат дозасын титрлеу кезінде жүрек айнуы мен асқазан-ішек жолы тарапынан жайсыздық пайда болуы мүмкін. Мұндай кезеңде асқазан-ішек жолына жеңіл әрі жайлы тағамдарды, мысалы, сорпа-пюре мен сүт өнімдерін таңдауға болады. Қажет болса, протеин коктейльдерді қосуға болады».

Диетологтың сөзіне қарағанда, кейбір пациенттерге зімбір қосылған сусын көмектесуі мүмкін. Ал лимонды асқазанда жайсыздық немесе қыжыл болмағанда өзге де сусындарға қосып ішуге болады.

Препаратты тоқтатқаннан кейін салмақты қалай ұстап тұруға болады?

Диетолог Колпакова айтуынша, ем аяқталғаннан кейін де сақтауға болатын әдеттерді қалыптастырған жөн. Оларға тұрақты дене белсенділігі, Гарвард тәрелкесі әдісінің қағидаларын ескере отырып толық тамақтану және сұйық ішу режимін сақтау жатады.

«Сүйікті тағамдарды рационнан толығымен алып тастамай, оларды қалыпты мөлшерде тұтыну, тамақты асықпай ішу және тоқтық сезімін уақтылы сезіне білуді үйрену керек. Бұған қоса эмоцияны реттеу машығын қалыптастырып, күйзеліс пен эмоциялық қысымды тамақтың көмегінсіз жеңе білу қажет».

Диетолог бұл әдеттерді препарат ішуді тоқтатқаннан кейін емес, емделу кезінде-ақ қалыптастырған маңызды екенін айтты.

«Қажет болса, медициналық білімі бар диетологқа жүгінуге болады. Маман адамның жеке ерекшеліктерін, емді көтере алу мүмкіндігін және ағза қажеттігін ескере отырып, тамақтану рационын бейімдеуге көмектеседі».

Пептид препараттар туралы фармакология өкілі не дейді?

Людмила Воронова
МАҚАЛА САРАПШЫСЫЛюдмила Воронова«Герофарм» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің директоры

«Герофарм» компаниясының Қазақстандағы өкілдігі директоры Людмила Воронова пептид препараттарға, соның ішінде GLP-1 негізіндегі препараттарға қатысты пікір айтты.

Кейінгі жылдары пептид препараттарға, әсіресе GLP-1 негізіндегі препараттарға қызығушылық неге артты?

Кейінгі жылдары пептид препараттарға қызығушылықтың айтарлықтай өскені жасырын емес және мұның бірнеше себебі бар.

Заманауи медицина ағзаның нақты физиологиялық механизмдеріне әсер ететін препараттарға көбірек басымдық беріліп отыр. Бұған айқын мысал – құрамында семаглутид бар GLP-1 рецепторларының агонистері. Олар глюкоза деңгейін, тәбетті реттеуге қатысатын бірнеше процеске бірдей әсер етеді. 2-типтегі қант диабеті бар пациенттер үшін бұл гликемияны тиімдірек бақылауды білдірсе, артық салмағы бар адамдар үшін ауруды кешенді емдеуге мүмкіндік береді. Қосымша фактор – артық салмағы бар және семіздікпен ауыратын адамдар санының артуы және қоғамның тиімді медициналық шешімдерге көбірек назар аудара бастауы. Бұл орайда мынаны түсіну маңызды: GLP-1 препараттары – бұл тез арықтауға арналған косметикалық құрал емес, нақты ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттар.

Семаглутидтің әсер ету механизмін қарапайым тілмен қалай түсіндіруге болады?

Қарапайым тілмен айтсақ, семаглутид ағзадағы тамаққа деген тәбет пен қандағы қант деңгейін реттейтін табиғи GLP-1 гормонының әсерін қайталайды.

Тамақтан кейін ағза табиғи түрде GLP-1 бөледі. Семаглутид дәл сондай рецепторларға әсер етеді, соның арқасында ағзаға глюкоза деңгейін реттеуге көмектеседі және мидағы тәбет пен тоқтық сезіміне жауап беретін орталықтарға ықпал етеді. Соның нәтижесінде адам тез тояды және көп уақыт тоқ болып жүреді.

Пептид препараттарды қолдану кезінде қандай негізгі қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет?

Басты қағида – пептид препарат дәрілік зат екенін есте сақтау, сондықтан ол тек дәрігер бақылауымен тағайындалуға тиіс.

Терапияны тағайындамас бұрын маман пациенттің денсаулық жағдайын, көрсетілімдері мен қабылдауға болмайтын жағдайларын, қосымша аурулары мен қабылдап жүрген басқа дәрілерін ескереді. Одан әрі дәрі мөлшері мен терапия кестесін қатаң ұстану, дозаны өз бетінше арттырмау және пайда болған жағымсыз әсері туралы дәрігерге хабарлап отыру маңызды.

Семаглутид препараттары мөлшерін сатылап көбейту, яғни нұсқауға сәйкес дозаны біртіндеп арттыру ережелерін сақтау аса маңызды. Бұл асқазан-ішек жолдарындағы жағымсыз әсерлер қаупін азайтады. Дәрі мөлшерін дұрыс таңдамау немесе қателесу жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы және ағзаның сусыздануы сияқты асқынулардың себебі болуы мүмкін.

Әрине, тек тіркелген, заңды дәрі-дәрмек арналары арқылы сатып алынған препаратты пайдалану және оны сақтау шарттарын сақтау қажет.

Неліктен интернеттен немесе шығу тегі белгісіз жерлерден сатып алынған пептидтерді қолдануға болмайды?

Бұл жерде басты мәселе – сапа, қауіпсіздік және түпнұсқа кепілі.

Дәрі белгісіз сатушыдан сатып алынса, пациент оның құрамында көрсетілген белсенді заттың бар-жоғына, дозасының дұрыстығына және тиіс жағдайда өндіріліп, сақталғанына сенімді бола алмайды. Сонымен қатар, препаратты сақтау және тасымалдау кезінде суық тізбек талаптары қатаң сақталуы керек.

ДДСҰ семаглутидтің жалған препараттары анықталғанын хабарлады: кей жағдайларда оларда көрсетілген әсер етуші зат мүлдем болмауы немесе, керісінше, көрсетілмеген бөгде компоненттер кездесуі мүмкін. Бұдан бөлек, дәрі мөлшерінің дұрыс болмауы және микробпен ластанған болуы мүмкін.

Сондықтан дәрі препараттарын тек дәрігер тағайындауымен және ресми, лицензиясы бар дәріхана арналары арқылы сатып алу керек. Арзан баға немесе рецептсіз беремін деген сөзге сеніп, дәріні бейресми жерден сатып алуға болмайды.

Қоғам арасында пептидтерге қатысты қандай кең таралған қате түсініктер бар?

Қазіргі уақытта қоғамда пептидтерге қатысты жаңсақ пікірлер мен мифтер өте көп. Мысалы, оны арықтауға арналған «сиқырлы дәрі» деп қабылдау. Иә, семаглутид (мысалы, Семавик) арықтауға шынымен көмектеседі, бірақ препараттан бөлек адам тарапынан да күш-жігер мен жауапкершілік қажет: терапия кезінде пайдалы әдет қалыптастыру, дұрыс тамақтану, ақуызды көбірек тұтыну, дене шынықтырумен айналысу және психологпен жұмыс істеу керек.

Бұдан бөлек, «дәрі мөлшерін неғұрлым көбірек арттырсаңыз, нәтижесін соғұрлым жылдам байқайсыз» деген де қате түсінік бар.

Бұл – қауіпті жаңсақ пікір. Дәрі мөлшерін өз бетінше көбейту терапияны тиімді етпейді, керісінше жағымсыз әсерлер қаупін арттырады. Емдеу кестесін тек дәрігер таңдауға тиіс.