Бастапқы жарна жиналды, ипотеканы банк мақұлдағалы тұр, ал өз пәтеріңізді алуға бір қадам қалғандай көрінеді. Алайда бастапқы жарнадан бөлек, қарыз алушы тағы бірқатар шығынды төлеуі керек. Бұл туралы Krisha.kz сайтына сілтеме жасап, Baribar.kz хабарлап отыр.
Пәтер бағалау
Пәтерді қайталама нарықтан сатып алсаңыз, банк жылжымайтын мүлікті тәуелсіз бағалауды талап етеді. Бұл пәтердің нарықтағы құнын анықтау және оның банкке кепіл ретінде жарамды екенін тексеру үшін қажет.
Бағалау құны жылжымайтын мүліктің түрі мен аумағына байланысты.
Орташа есеппен:
- 50 шаршы метрге дейінгі пәтерді бағалау – 40 мың теңге;
- 100 шаршы метрге дейінгі жеке үйді бағалау – 50 мың теңге.
Мәміле рәсімдеу
Ипотека алушыларға сатып алу-сату шартын рәсімдеуге жеңілдетілген тариф қолданылады – 4 АЕК (17 300 теңге). Бұл әдеттегі 12 АЕК-тен (51 900 теңге) төмен.
Несие шартынан бөлек, жылжымайтын мүлікті кепілге қою туралы шарт та жасалады. Оны нотариус куәландырады, бұл үшін тағы 4 АЕК (17 300 теңге) төлеу қажет.
Банк кепілгер талап етсе, қосымша кепілгер шарты рәсімделеді. Оның құны – 1,5 АЕК (6487 теңге).
Бұған қоса, меншік құқығын тіркеу үшін:
- 1304 теңге – қалыпты тіркеу кезінде;
- 5000 теңге – жедел тіркеу кезінде төленеді.
Жедел тәртіппен тіркеу шамамен 2 сағатқа созылады, ал қалыпты жағдайда – 3 жұмыс күні.
2026 жылғы 8 қыркүйектен бастап жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілені тек пәтер орналасқан жер бойынша рәсімдеуге болады. Яғни нотариусты кез келген жерден таңдау мүмкіндігі шектелді.
Сақтандыру
Ипотеканы рәсімдеу үшін кепілге қойылатын мүлікті – сатып алып жатқан пәтерді сақтандыру қажет. Несие толық өтелгенге дейін бұл жылжымайтын мүлік – банк үшін кепіл.
Міндетті түрде банк кепіліндегі пәтер немесе үйдің өзі сақтандырылады.
Ал қарыз алушының өмірі мен денсаулығын сақтандыру – ерікті.
Сақтандыру мүлікті мынадай негізгі тәуекелдерден қорғайды:
- өрттен;
- су басудан;
- табиғи апаттардан;
- шартта көрсетілген басқа да зақымдардан.
Сақтандыру полисі құны әдетте тұрғын үй бағасының 0,3–1%-ы. Орташа есеппен бұл шамамен 0,7%.
Мысалы, пәтердің құны 30 млн теңге болса, сақтандыруға шамамен 200 мың теңге жұмсалуы мүмкін.
Ипотека бойынша алғашқы төлем
Пәтерді сатып алғаннан кейін шығындар мұнымен бітпейді.
Көбіне жаңа үйге жиһаз, тұрмыс техникаларын сатып алуға, көшіп келуге немесе ең болмағанда шағын жөндеу жұмыстарын жүргізуге ақша қажет болады. Сондықтан мамандар ипотека бойынша кемінде бір айлық төлемге жететін соманы, ал мүмкін болса екі-үш айлық төлемді қорда қалдыруды ұсынады.
Мұндай қаржы қоры күтпеген шығындар пайда болған немесе жалақы кешіккен жағдайда пәтер сатып алғаннан кейінгі алғашқы айларды қиындықсыз өткізуге көмектеседі.
Қанша ақша дайындау керек?
Есеп бойынша, бастапқы жарнадан бөлек, ипотеканы рәсімдеуге алдын ала кемінде 280–300 мың теңге дайындаған жөн.
Бұл ақша пәтерді бағалау, сақтандыру, нотариус қызметі және мәмілені тіркеу сияқты міндетті шығындарға жұмсалады. Бұл сомаға ипотека бойынша алғашқы төлем кірмейді.
Пәтер таңдауға риелтор көмектессе, оның қызметіне тағы шамамен 500 мың теңге қарастырған жөн.
Үйді сатып алғаннан кейін көшіп келу, шағын жөндеу жұмыстары, жиһаз және тұрмыс техникасын алу сияқты қосымша шығындар да пайда болады.
Тағы оқыңыз: