Басты бет / Жаңалықтар /
ылғал сүрткіш, влажная салфетка
Фото: Sports.kz

Ылғал сүрткішті кез келген жерге қолдануға болмайды: FDA ескертуі

Ылғал сүрткішті күнделікті өмірде қолданған өте қолайлы. Оны балалар күтіміне, беті-қолды тазартуға, тіпті макияж сүртуге де пайдалануға болады. Алайда оның құрамын білу және дұрыс пайдалану маңызды. Ал Baribar.kz ылғал сүрткішті қолдану кезінде нені ескеру керегін түсіндіреді.

Ылғал сүрткіш құрамында не бар?

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) ылғал сүрткіштерді қауіпсіз қолдануға қатысты бірқатар кеңес берген.

Ылғал сүрткіштер полиэстер, полипропилен, мақта, ағаш целлюлозасы немесе вискоза талшықтарынан жасалуы мүмкін. Олардың құрамында сумен қоса тазартатын және ылғалдандыратын заттар, бактериялар мен зеңнің өсуіне жол бермейтін консерванттар да болады.

FDA мәліметінше, «иіссіз» (unscented) және «хош иістендіргішсіз» (fragrance-free) деген жазулардың айырмашылығы бар. «Иіссіз» өнімде жағымсыз иісті басатын хош иістендіргіштер болуы мүмкін. Ал «fragrance-free» деп жазылған сүрткіште қосымша хош иістендіргіштер мүлде болмауға тиіс.

Теріні тітіркендіруі мүмкін

FDA сүрткішті тек зақымдалмаған теріге қолдануды ұсынады. Қаптамада терінің тітіркенген немесе зақымдалған бөлігіне қолдануға болмайтыны жазылса, бұл нұсқаулықты сақтау керек. Кейбір өнімдерді пайдаланғаннан кейін теріні сумен шаю қажет болуы мүмкін.

Терісі сезімтал немесе белгілі бір аллергиясы бар адамдар өнім құрамын алдын ала тексергені дұрыс. FDA кейбір ата-аналардың өздерінде балаларға арналған сүрткіштерден аллергия немесе тері реакциясы байқалғанын, ал балаларында ондай белгілер болмағанын хабарлайды. Яғни адамның бір өнімге  реакциясы екіншісінен өзгеше болуы мүмкін.

Қай кезде қолдануды тоқтату керек?

Сүрткіш қолданғаннан кейін бөртпе, қызару, тітіркену білініп немесе тері ашыса, FDA оны пайдалануды тоқтатып, медициналық маманға жүгінуді ұсынады.

Сүрткішті дұрыс сақтау да маңызды. Қаптаманы тығыз жабық ұстау керек. Өнімді қатты ыстық немесе суық жерде, мысалы көлік ішінде қалдыру оның құрамының өзгеруіне себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда консерванттар тиімділігі төмендеп, бактериялар мен зеңнің өсу қаупі артуы ықтимал.

Қолданылған сүрткішті қайта пайдалануға болмайды

FDA қолданылған сүрткішті бірден тастауға кеңес береді, өйткені оны екінші рет пайдалансаңыз, бактериялар басқа жерлерге таралып кетеді. Ал оны кәрізге тастауға бола ма, жоқ па – қаптамадағы нұсқаулықтан тексерген жөн, себебі барлық сүрткішті кәрізге ағызуға болмайды.

Тағы оқыңыз:

Асүйдегі ең лас зат: ыдыс жуатын губканы қаншалықты жиі ауыстыру керек?

Мақала туралы ойыңыз?