Басты бет / Әдебиет /
Әлихан Бөкейхан, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Жылдың 10 оқырманы» жобасының жеңімпаздарына 10 млн теңгеден беріледі

Елімізде 1 қыркүйектен бастап «Жылдың 10 оқырманы» деген кітап оқу марафоны басталған еді. Жоба халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, белсенді оқырман қатарын анықтауды көздейді. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.

Былтыр марафон үш өңірде пилот форматта өтіп, оған 190 мыңға жуық адам қатысқан. Биыл жоба еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасына арналған брифиңде айтылды.

Қатысушылар жеті санат бойынша бақ сынайды. Жобаға:

  • оқушылар;
  • колледждің білім алушылары;
  • жоғары оқу орындары студенттері;
  • педагогтер;
  • үш буын өкілдері бар отбасы;
  • мемлекеттік қызметшілер және өзге де азаматтар қатыса алады.

Саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдері үшін Parasat деген жеке бағыты қарастырылған. Марафонға қатысу тегін әрі ерікті негізде жүргізіледі. Қатысушылар үшін отандық және әлем әдебиетінің 345 шығармасынан тұратын кітаптар тізімі әзірленді. Әр қатысушы өз санаты бойынша 15 кітап оқуға тиіс.

Марафонға қатысу үшін «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына тіркелу керек. Әр санаттағы кітаптар тізімі де марафонның ресми сайтында көрсетілген.

Марафон 2027 жылғы наурызға дейін жалғасып, 195 аудан мен 87 қаланы қамтиды. Облыстық іріктеу қорытындысында 4 мыңға жуық жүлдегер анықталады. Ал 20 өңірдің 200 қатысушысы республикалық финалға жолдама алады.

Финалда қатысушылар әңгімелесуден өтіп, көпшілік алдында сөз сөйлейді. Осы кезеңде олардың оқыған шығармаларды қаншалық меңгергені және әдеби туындыларды талдай білуі бағаланады.

Жоба қорытындысында комиссия еліміздің 10 үздік оқырманын анықтайды. Олардың әрқайсына «Жыл оқырманы» атағы беріліп, 10 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады.

Марапаттау рәсімі 23 сәуір – Ұлттық кітап күні Республикалық оқырмандар форумы аясында өтеді.

Жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?