Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді. Жиында Қарулы күштерді одан әрі дамыту және реформалау бағытындағы негізгі міндеттер айқындалды. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.
Министр әскери қызметшілерді даярлау тәсілін қайта қараудың қажет екенін айтты. Білім беру қазіргі заманғы ұрыс қимылдарын жүргізу жағдайына барынша сай келіп, практикалық тәжірибеге, заманауи қақтығыстарды талдауға негізделуі керек.
Сонымен қатар ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектронды күрес құралдарын, барлау, байланыс және басқа да жаңа технологияларды қолданудың заманауи тәсілдері ескерілуі қажет.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әскерді басқару жүйесін жетілдіру де реформаның жеке бағытына айналмақ. Бұл ретте процесті одан әрі цифрландыру, басы артық әкімшілік рәсімдерді, есептілік пен практикалық маңызы жоқ кеңестерді қысқарту көзделіп отыр. Босатылған ресурстар әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға тікелей бағытталуға тиіс.
Әскерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғаса береді. Бұл ретте сатып алу және ресурстарды бөлу әскердің нақты қажеті мен жауынгерлік даярлықтың басым бағыттарын ескере отырып, жүзеге асырылуға тиіс.
Министр бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз етуді, тиімсіз шығындарға жол бермеуді және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруды тапсырды.
Әскер есептік көрсеткіш пен көзбояушылық іс-шара үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір процесс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурстың практикалық нәтижесі болуы керек, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек, – деп айтты қорғаныс министрі.
Кеңес барысында президент тапсырмасы бойынша жүріп жатқан қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру барысы да қаралды. Құрылымдық бөлімшелердің басшысына комиссия жұмысына қажет қолдау көрсетіп, талап етілген барлық ақпаратты ұсыну тапсырылды.
Естеріңізге салайық, Маңғыстаудағы трагедиядан кейін қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылған еді. Оның орнына Айдос Мырзахметов Қазақстанның қорғаныс министрі болып тағайындалды.