Басты бет / Қоғам /
Ержан Жаубай
Фото: facebook.com/erzan.zaubaj

«Айдосқа артылар сенім жүгі ауыр»: журналист жаңа қорғаныс министрі туралы жазба жариялады

Мемлекет басшысының Жарлығымен Айдос Сәкенұлы Мырзахметов Қазақстанның қорғаныс министрі болып тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстан қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы қызметін атқарған. Жаңа министрдің әскери жолы туралы журналист Ержан Жаубай Facebook парақшасында пікір білдірді.

Журналист Айдос Мырзахметов туралы ашық дереккөздерде ақпараттың аз екенін атап өткен.

«Айдос Сәкенұлы Мырзахметов жайлы ақпарат өте аз. Тіпті толық өмірбаяны да жоқ ашық дереккөздерде. Бұл оның бұған дейін атқарған жұмысына тікелей байланысты болса керек», – деп жазды ол.

Ержан Жаубайдың жазуынша, Мырзахметов – Қазақстан қарулы күштері әскери академиясының 2002 жылғы түлегі. Ол әскери қызметін взвод командирі болып бастап, мемлекеттік күзет қызметіндегі басшылық лауазымдарға дейін көтерілген.

2024 жылғы қаңтарда Мырзахметов Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. Бұл ақпарат Мемлекет басшысының өкімімен де расталады.

2026 жылғы 6 мамырда оған генерал-майор әскери атағы берілді.

Журналист жаңа тағайындауға қатысты:

«Енді әскери жолының жаңа кезеңі басталды. Арнайы операциялар күштерін басқарған тәжірибелі офицер Қорғаныс министрі ретінде Қазақстанның бүкіл Қарулы Күштеріне жетекшілік етеді. Мемлекет басшысының өзі сенім артқан азамат Қорғаныс саласындағы қордаланған мәселелерді оңынан шешеді деп сенейік», – деп жазды Ержан Жаубай.

Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілер қаза тапқан еді. Осыған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайын үкімет комиссиясы анықтап жатыр.

27 қыркүйекте Маңғыстаудағы жағдайдан кейін қорғаныс министрі қызметінен босатылды.

Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілерге мемлекет наградаларымен құрмет көрсетілді. Тірі қалған үш әскери қызметші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Жаңартылды:

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?