Басты бет / Жаңалықтар /
Дәурен Қосанов
Фото: Қорғаныс министрлігі

«Жауапкершіліктен жалтармаймыз». Қорғаныс министрі Каспийдегі апат туралы айтты

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты халыққа үндеу жасады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Министр қаза болған сарбаздардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатқанын жеткізді.

Өз атымнан, қорғаныс министрлігі және қарулы күштердің бүкіл жеке құрамы атынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Отбасылардың қайғысын түсінемін. Қоғамның бізге қойып отырған талап-сұрақтарын да түсінемін. Біз жауапкершіліктен жалтармаймыз. Ата-аналардың өз ұлдарын бізге сеніп тапсырғанын, ал бүгін орны толмас қазаға ұшырап отырғанын жеткізу маған да өте ауыр тиіп тұр, – деді министр.

«Кінәлі адамдар жауапқа тартылатын болады»

Дәурен Қосанов  оқиғаға байланысты кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қажет көмек көрсетіліп жатыр.

Осы жағдайға байланысты кінәлі адамдар жауапқа тартылатын болады. Қара жамылған отбасылармен үнемі байланыстамыз. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіп жатырмыз. Қаза болған әскери қызметшілердің, олардың отбасыларын және қоғам алдындағы міндетімізді түсінеміз. Арыстай азаматтарынан, ұлдарынан айырылған әр отбасының қайғысына ортақпын. Әскери міндетін атқаруда қаза болған азаматтарымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!, – деп қорытындылады қорғаныс министрі.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметші суға кеткен. Қайғылы оқыға салдарынан 14 сарбаз қаза болды. Үш әскери қызметші құтқарылған, олардың біреуі медициналық көмекке жүгінген.

Маңғыстаудағы трагедияға байланысты, 25 қыркүйек Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Сарбаздардың қаза болуына байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды.

Мақала туралы ойыңыз?