FlyArystan компаниясы Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған және аман қалған әскери қызметшілердің жақын туыстарына тегін әуе билеттерін ұсынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Компания мәліметінше, тегін билеттер 2026 жылғы 25 қыркүйек пен 3 қазан аралығында орындалатын Air Astana және FlyArystan компанияларының барлық ішкі рейстеріне беріледі.
Билетті кімдер рәсімдей алады?
Тегін әуе билетін әскери қызметшілердің ата-аналары, жұбайлары, балалары, сонымен қатар туған аға-інілері мен апа-сіңлілері рәсімдей алады. Билет рәсімдеу кезінде туыстық қатынасты растайтын құжаттарды ұсыну қажет.
Компания бұл мүмкіндікті Каспийдегі қайғылы оқиғадан зардап шеккен әскери қызметшілердің жақындарына қолдау көрсету мақсатында ұсынып отыр.
Тегін билетті қалай рәсімдеуге болады?
Әуе билетін рәсімдеу үшін мына байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады:
+7 727 331 10 10
+7 702 702 0227 (WhatsApp)
+7 702 702 00 74 (WhatsApp)
Сонымен қатар Air Astana-ның онлайн-чаты арқылы өтініш беруге болады.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметші суға кеткен. Қайғылы оқыға салдарынан 14 сарбаз қаза болды. Үш әскери қызметші құтқарылған, олардың біреуі медициналық көмекке жүгінген.
Маңғыстаудағы трагедияға байланысты, 25 қыркүйек Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Сарбаздардың қаза болуына байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды.