Басты бет / Білім /
мектеп ,оқушы, алғашқы қоңырау, мұғалім
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақстанда мұғалімдерге қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі?

Қазақстанда педагогтердің еңбек және әлеуметтік құқықтары «Педагог мәртебесі туралы» заңмен бекітілген. Құжатта мұғалімдерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан бастап тұрғын үй және ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтерге берілетін қосымша қолдауға дейін бірқатар әлеуметтік кепілдік қарастырылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мұғалімдерге 56 күн демалыс беріледі

Педагогтерге жыл сайын 56 күнтізбелік күнге ақылы еңбек демалысы беріледі. Еңбек демалысына шыққан кезде де жылына бір рет кемінде бір лауазымдық айлық мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді.

Кейбір өңірлерде жұмыс жағдайына байланысты қосымша еңбек демалысы да қарастырылған. Мысалы, экологиялық қолайсыз және радиациялық қаупі бар аумақтарда жұмыс істейтін педагогтерге қосымша демалыс күндері беріледі.

Тұрғын үй бойынша кепілдіктер бар

Заңда педагогтерге тұрғынжайға, оның ішінде қызмет тұрғынжайына немесе жатақханаға, жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алуға қатысты кепілдіктер белгіленген. Ауылда жұмыс істейтін педагогтерге жер учаскесін беруге басымдық беріледі.

Ауыл мұғалімдерінің жалақысы жоғары

Ауылда жұмыс істейтін педагогтердің айлықтары мен тарифтік ставкалары қаладағы мұғалімдердің ставкаларымен салыстырғанда кемінде 25 пайызға жоғары белгіленеді. Бұдан бөлек, жергілікті өкіл органдарының шешімі бойынша коммуналдық қызметтерді төлеуге және отын сатып алуға әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Ауылға жұмыс істеуге және тұруға келген педагогтерге жергілікті шешім бойынша көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алуға немесе салуға әлеуметтік қолдау берілуі мүмкін.

Мұғалім балаларына балабақшада басымдық беріледі

Педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан орындар бірінші кезекте беріледі. Бұл да «Педагог мәртебесі туралы» заңда көзделген әлеуметтік кепілдіктердің бірі.

Өңірлер қосымша жеңілдіктер белгілей алады

Жергілікті атқарушы органдар педагогтерге тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер бойынша өтемақы, санаторий-курорттық емделуге немесе демалуға арналған жолдамалардың құнын толық не ішінара төлеу сияқты қосымша әлеуметтік қолдау шараларын белгілеуге құқылы. Сондықтан мұндай жеңілдіктердің нақты түрі мен мөлшері өңірге қарай өзгеруі мүмкін.

Тағы оқыңыз:

Мұғалімдерді аттестаттау ережелері өзгереді: жаңа талап қандай?

Мақала туралы ойыңыз?