Басты бет / Жаңалықтар /
Африка құрлығы
Фото: Depositphotos.com

Африка екіге бөлінсе, жаңа мұхит пайда болады. Ғалымдар не дейді?

Геологтар Африка құрлығының болашақта екіге бөлінуі мүмкін екенін бұрыннан болжап келеді. АҚШ-тағы Колумбия университетінің зерттеушілері құрлықтың шығыс бөлігіндегі белсенді рифттік аймақты зерттеп, жер қыртысының айтарлықтай жұқарғанын анықтаған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

HVG басылымының жазуынша, бұл геологиялық үдеріс жалғаса берсе, Африка құрлығы екі бөлікке бөлініп, олардың арасында жаңа мұхит пайда болуы мүмкін.

Құрлықтардың қозғалысы Жер тарихында қалыпты құбылыс саналады. Алайда тектоникалық плиталардың қозғалысы өте баяу жүретіндіктен, оны адам өмірінің ұзақтығы аясында байқау мүмкін емес.

Африкадағы жер қыртысы жұқарып жатыр

Қазір Африка плитасы Нубия және Сомали плиталарына қарай бөлініп жатыр. Бұл үдерістің негізгі аймақтарының бірі — Кения мен Эфиопия аумағы арқылы жүздеген шақырымға созылып жатқан Туркана рифттік аймағы.

Зерттеушілер осы өңірде бұрын жүргізілген сейсмикалық өлшеулерді талдап, жер қыртысының қалыңдығын анықтаған.

Зерттеу мәліметінше, рифт аңғарындағы жер қыртысының қалыңдығы шамамен 13 шақырым, ал шеткі бөліктерінде 35 шақырымға дейін жетеді. Ғалымдардың болжамынша, жер қыртысы 15 шақырымға дейін жұқарған жағдайда, құрлықтың бөліну үдерісі қайтымсыз кезеңге өтуі мүмкін.

Алайда бұл процесс бірден болмайды. Жер қыртысының жұқаруы бірнеше миллион жылға созылуы ықтимал.

Жаңа мұхит қалай пайда болады?

Ғалымдардың түсіндіруінше, жер қыртысы одан әрі жұқарған жағдайда терең қабаттардағы магма жоғары көтеріліп, жер бетіне шыға бастайды. Магма суып, жаңа мұхиттық жер қыртысын қалыптастырады.

Уақыт өте келе пайда болған ойыс кеңейіп, оған Үнді мұхитының суы енуі мүмкін. Нәтижесінде қазіргі Африка құрлығының бір бөлігі бөлініп, жаңа мұхит пайда болады.

Дегенмен бұл өзгерістер адамның қазіргі өмірінде емес, геологиялық уақыт өлшемінде жүзеге асады. Сондықтан Африканың екіге бөлінуі ықтимал үдеріс болғанымен, оның толық жүзеге асуына миллиондаған жыл қажет болуы мүмкін.

Мақала туралы ойыңыз?