Басты бет / Жаңалықтар /
baa7b33f7c790d25487b54cd19976c62 Алматы метросы әуежайға дейін ұзарады
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алматы метросы әуежайға дейін ұзарады

Алматы бюджетіне енгізілген өзгерістер аясында көлік инфрақұрылымын дамытуға жеке бағыт қарастырылған. Қаладағы метро желісін кеңейтіп, жол құрылыстарын жалғастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Бұл туралы мәслихат отырысында Алматы қаласы экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәлімдеді.

«Қалқаман» метро бекеті биыл ашылады

2026 жылдың соңына дейін «Қалқаман» метро бекетін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар биыл «Қалқаманнан» «Барлық» бекетіне дейінгі метро желісінің құрылысы басталған.

Метроны одан әрі дамыту үшін «Жібек жолы» бекетінен Алматы әуежайына дейінгі екінші желінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленеді.

Бірқатар жол құрылысы жалғасады

Алматыда жол инфрақұрылымын дамыту бойынша да бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Рысқұлов даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту, Мұқанов көшесін Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін және Райымбек даңғылын Шығыс айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жұмыстары жалғасады.

Жыл соңына дейін Ақжар және Теректі шағынаудандарындағы жол құрылысын аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар «Батыс қақпа» полиорталығында жолдар мен инженерлік коммуникациялардың құрылысы жалғаспақ.

Қоғамдық көлік, оның ішінде автобус тасымалы мен метрополитенді субсидиялауға да қосымша қаражат қарастырылған.

Бауыржан Құдайбергеновтің айтуынша, бюджетті нақтылау ең алдымен қаланың өзекті мәселелерін шешуге және басталған жобаларды аяқтауға бағытталған.

Мақала туралы ойыңыз?