Басты бет / Жаңалықтар /
аурухана
Фото: Depositphotos.com

«210 млн теңгеге 2 төсек алған». Жаңаөзенде ауруханаға бөлінген қаржы жымқырылды

Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасында күйік бөлімшесін ашуға бөлінген 223 млн теңгенің жымқырылғаны анықталды. Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ҚМА мәліметінше, 2025 жылы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы өңірде күйік бөлімшесін ашу үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-дан демеушілік көмек сұраған. Осы мақсатта 223 миллион теңге бөлініп, қаражат «ӨзенМұнайГаз» АҚ арқылы «Жарылқау» қоғамдық қорына аударылған.

Бастапқы жоспар бойынша бұл қаржыға медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алып, тиісті мамандардың біліктілігін арттыру көзделген.

Алайда кейін жобаға өзгеріс енгізіліп, бөлімшені толық жарақтандыру жоспарынан бас тартылған. Оның орнына «Жарылқау» қоры, Жаңаөзен қалалық ауруханасы және «AKBS Invest» ЖШС арасында үшжақты келісім жасалған.

Екі кереуетке 210 млн теңге бөлінген

Келісім бойынша күйікпен түскен науқастарға арналған небәрі екі медициналық кереует сатып алу туралы шешім қабылданған. Олардың жалпы құны 210 млн теңге болған. Алайда қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, медициналық жабдықтарды сатып алуға іс жүзінде 92 млн теңге ғана жұмсалған.

Тергеу нұсқасы бойынша, қалған қаражат үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, іске қатысы бар адамдар арасында бөлінген.

Үш күдікті қамауға алынды

Агенттік мәліметінше, іске қалалық аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім беруші компания өкілі қатысы бар деген күдікке ілінген.

«AKBS Invest» ЖШС өкілі заңсыз иемденген қаражатқа Астанадан пәтер сатып алып, оны таныстарының атына рәсімдеген деген болжам бар.

Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану дерегімен тергеу басталған. Қазір үш күдікті қамауға алынған. Сот санкциясымен олардың мүлкіне, оның ішінде үш пәтерге, екі тұрғын үйге және автокөлікке тыйым салынған. Тергеу жалғасып жатыр, — делінген хабарламада.

ҚМА Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, істің өзге мән-жайлары әзірге жария етілмейтінін хабарлады.

Мақала туралы ойыңыз?