Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерге қатысты заң талаптарын күшейтуді ұсынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Депутаттың айтуынша, кейбір стримерлер қаралым мен донат жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырып, балағат сөз айтып, адамдарды қорлайтын және қауіпті пранктер жасайтын болған.
Дөрекі әрі арандатушы контент көп қаралым жинайды. Ал қаралым лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа ұласады, – деді Жарқынбек Амантайұлы.
Оның сөзіне қарағанда, мұндай эфирлерді әртүрлі жастағы мыңдаған адам, оның ішінде балалар да көруі мүмкін. Депутат бұл мәселені «Әділет» партиясының сайлауалды науқаны кезінде тұрғындар да жиі көтергенін атап өтті.
Треш-стримиңге заңмен анықтама беру ұсынылды
Депутат «треш-стримиң» ұғымын заңнамалық тұрғыдан нақтылап, тікелей эфирде зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатушы әрекеттерді насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.
Сонымен қатар TikTok, Instagram, YouTube секілді платформалармен бірлесіп, заңға қайшы эфирлерді жедел анықтау, бұғаттау және авторларын сәйкестендіру тетігін қалыптастыру қажеттігін айтты.
Жәбірленушілердің құқығын қорғау ұсынылды
Жарқынбек Амантайұлы азаматтарды келісімінсіз эфирге шығару және олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру жағдайларында құқықтық қорғауды күшейтуді сұрады.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілердегі заңға қайшы контентке тұрақты мониториң жүргізетін бірыңғай мемлекеттік жүйе құрып, оның нәтижелері туралы қоғамға ашық ақпарат беруді ұсынды.
«Әділет» партиясы сөз бостандығын шектеуді емес, сөз бостандығы мен жауапкершіліктің нақты шекарасын белгілеуді көздейтінін айтты.
Депутаттың сөзіне қарағанда, «Заң мен тәртіп» қағидаты цифрлық кеңістікте де сақталуға тиіс.