Алматыда тарихшы, Еуразияның ортағасырлық тарихы мен Жошы ұлысы тарихын зерттеуші Мари Фавероның «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті?» деген іргелі еңбегінің қазақшасының ресми тұсауы кесілді. Кітапты Steppe & World Publishing баспа үйі қазақшаға аударып, қазақ оқырманға ұсынды. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.
Кітаптың қазақ тілінде жарық көруі – Алтын Орда тарихына қатысты заманауи халықаралық зерттеулерді қазақ оқырманның өз ана тілінде оқуына мүмкіндік беретін маңызды мәдени-ағартушылық бастама.
Ғалым Мари Фаверо өз еңбегінде Алтын Орданы тек ортағасырлық дала мемлекеті ретінде қарастырмай, оның Еуразиядағы саяси, экономикалық және мәдени процестерге ықпалын кеңінен талдайды. Сауда жолдары, дипломатиялық байланыстар, қалалардың дамуы, мәдени алмасу және Шығыс пен Батыс арасындағы тарихи байланыстар арқылы Алтын Орданың әлем тарихындағы орнын жаңаша пайымдайды.

Кітаптың бас ерекшеліктерінің бірі – Алтын Орда тарихын қазіргі тарихи зерттеулер тұрғысынан қарастырып, дала өркениетінің әлемдік тарихи процестердегі рөлін кең контекспен көрсетуі. Бұл еңбек Жошы ұлысының мұрасын Қазақстан тарихымен ғана шектемей, оны ортағасырлық Еуразияның саяси және экономикалық тарихының маңызды бөлігі ретінде түсінуге мүмкіндік береді.
Кездесуде автор зерттеуінің негізгі тұжырымдарын баяндап, Алтын Орданың әлем тарихындағы орны, Жошы ұлысының саяси-экономикалық жүйесі, дала империясының Еуразиядағы сауда мен дипломатияға ықпалы және көшпенділер өркениетінің тарихи мұрасы туралы сөз қозғады.

Кітап таныстырылымы мен автормен кездесуді Steppe & World Publishing баспа үйі президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен және Қазақстандағы Франция елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды.