Алматыда 2027 жылғы 8 қаңтардан бастап төмен шығарындылар аймағында (LEZ) азаматтық пиротехникалық бұйымдарды қолдануға тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алматының экология және қоршаған орта басқармасы өкілдерінің мәліметінше, жаңа талап қаланың Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларында қарастырылған. Құжаттың 51-тармағы бойынша, төмен шығарындылар аймағында азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолданатын бұйымдарды пайдалануға тыйым салынады.
Шектеу тұрғындар еркін сатып ала алатын петарда, отшашу, салют және басқа да азаматтық пиротехникалық өнімдерге қатысты болады.
Тыйым Алматының барлық аумағына қатысты емес
Алайда бұл талап 2027 жылғы 8 қаңтардан бастап Алматының бүкіл аумағында бірден күшіне енбейді. Шектеу тек төмен шығарындылар аймағының шекарасы белгіленгеннен кейін сол аумақта қолданылады.
LEZ шекарасы Алматы әкімдігінің жеке қаулысымен бекітіледі. Қаулы қабылданып, аймақтың нақты шекарасы белгіленген соң пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға қатысты талап сол аумақта күшіне енеді.
Осылайша, 2027 жылғы 8 қаңтардан бастап қағидалардың тиісті нормасы қолданысқа енеді. Ал азаматтық пиротехниканы пайдалануға тыйым салудың нақты аумағы LEZ шекарасы бекітілгеннен кейін белгілі болады.
Автокөлік пен отынға да талап күшейеді
Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларында бұдан бөлек ауа сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар экологиялық шара қарастырылған.
Олар автокөліктерге, қатты және сұйық отынды пайдалануға, сонымен қатар жекелеген нысандар мен шығарындылар көздеріне қойылатын талаптарды қамтиды.