Басты бет / Білім /
Оқушы, мектеп, сынып, школа, балалар
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Қыркүйек» пе, «қыргүйек» пе? Министр өз пікірін айтты

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қыркүйек айының атауын «қыргүйек» деп жазу мәселесіне қатысты пікір айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Министр әлеуметтік желідегі талқылауды көріп, бұл мәселені өзі де зерттегенін айтты. Сүлейменова бұл сұрақ бойынша тіл маманы, ғалым Рабиға Сыздықтың ғылыми еңбектеріне жүгінген.

Бұл сұрақ мені де қызықтырды. Сондықтан Рабиға Сыздықтың ғылыми зерттеулеріне жүгінуге тура келді. Жалпы, 80-жылдардан бастап сөздің айтылуы мен жазылуына қатысты емлеге өзгеріс енгізу мәселесі біраз талқыланған. Бірақ мен өзім «қыркүйек» деп жазамын, «к»-ны қолданамын. Бізді кезінде солай үйреткен, – деді министр үкіметтегі брифиңде.

Халықтың басым бөлігі «қыркүйек» деп қолданады

Министрдің айтуынша, 2000 жылдары жүргізілген зерттеулерде халықтың 93%-ы «қыркүйек» нұсқасын қолданатыны анықталған. Алайда Сүлейменова «қыркүйек» пен «қыргүйек» нұсқаларының бірін бірден қате деп санауға болмайтынын айтты.

Менің ойымша, «қыркүйек» те, «қыргүйек» те, ешқайсысын да қате деп санауға болмайды. Біздің қолданып жүрген «қыркүйегіміз» – қазақ тілінен сабақ берген ұстаздарымыздың үйреткені, – деді ол.

«Ғалымдар осы жерде нүктесін қоюы керек»

Министр қазақ тілінде сөздің айтылуы мен жазылуында өзіндік ерекшеліктер бар екенін атап өтті.

«Ботакөз» емес, «Ботагөз» деп айтамыз ғой. Сол секілді қазақ тілінде айтылуы мен жазылуы жағынан өзіндік ерекшеліктер бар. Сондықтан ғалымдарымыз, тіл білімі институты «қыркүйек» емес, «қыргүйек» дұрыс деп айтса, оларды тыңдауымыз керек. Ғалымдар осы жерде нүктесін қоюы керек», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Мақала туралы ойыңыз?