Басты бет / Жаңалықтар /
мектеп, оқушы, мектеп формасы. Алматы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Балалардың әлеуметтік желідегі аккаунтына тыйым салу қалай іске асады?

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерде жеке аккаунт ашуына шектеу қоюға қатысты заң жобасының қалай іске асырылатынын түсіндірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Үкімет бұл мәселеге қатысты арнайы заң жобасын әзірлеген. Бұған дейін президент құрылтай депутаттарына балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты мәселені жедел қарауды ұсынған болатын.

Балалардың смартфон пайдалануына қатысты нормалар енгізіледі

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, әзірленген заң жобасында балалардың смартфон пайдалану тәртібіне қатысты нормалар да қарастырылған.

Біріншіден, 16 жасқа толмаған балалардың өз аккаунттары болмайды. Бұған дейін ішкі істер министрлігі үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оған сәйкес, балалар көретін контент оларға кері әсерін тигізіп жатыр. Олардың қабылдау қабілеті жылдам, қысқа-қысқа видеоларды көп қарайды. Біз баланың зейіні де өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан шектеу оған жақсы әсер етеді, – деді министр үкіметте өткен брифиңде.

Шектеу қалай жүзеге асырылады?

Министрдің айтуынша, заңнамалық өзгерістер дайындалып, құрылтайдың қарауына енгізіледі.

Біз үкіметтің қорытындысын әзірлеп, енгіздік. Бұл нормалар қалай енгізіледі? Қандай механизммен айқындалады? Қалай қадағаланады? деген үлкен сұрақтар бар. Оны құрылтай депутаттарымен бірлесіп қарастыратын боламыз, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Осылайша, 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге кіруіне қатысты нақты тетіктер мен бақылау механизмдері заң жобасын қарау барысында айқындалады.

Мақала туралы ойыңыз?